RU

"Премьер-министрді жаңылыстырып, 4 млн доллар шығын келтірген": Біртановқа қандай айып тағылған

Елжан Біртанов
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртановқа қатысты үй қамаққа алу мерзімін ұзарту туралы өтінішхат бойынша онлайн сот отырысында прокурор тергеу нұсқасын оқыды. Оған сәйкес экс-министр мемлекеттен бірнеше миллион доллар ұрлаған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Прокурор Төлеген Жараспаев сотқа дейінгі тергеудің нұсқасын оқыды. Экс-министр Біртанов пен бұрынғы вице-министр Олжас Әбішевке қатысты қылмыстық істі қаржы мониторингі агенттігі тергеп жатыр.

Ericsson Nikola Tesla-мен жасалған келісімшарт

Прокурордың айтуынша, сотқа дейінгі тергеу барысында 2015 жылы Денсаулық сақтау министрлігі хорватиялық Ericsson Nikola Tesla фирмасымен "Денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйелерін ақпараттандыру және өзара әрекеттесу платформасы" автоматтандырылған ақпараттық жүйесін жеткізуге 17,8 млн долларға келісімшарт жасасқаны анықталды.

Платформа Денсаулық сақтау министрлігі үшін пациенттердің денсаулығы туралы мәліметтерді қоса алғанда жалпы мәліметтер базасы болуы керек еді.

Алайда платформа іске қосылмаған. Тегеудің мәліметінше, Біртанов бұл туралы білсе де, вице-министр Әбішевпен келісіп, платформаны іске қосу туралы қаулыға қол қойған. Осылайша Қазақстанның премьер-министрін пилоттық эксплуатация жүргізілді деп жаңылыстырған.

Осы ретте, тергеу нұсқасы бойынша Біртанов Әбішевке Ericsson Nikola Tesla-мен мемлекеттік сатып алулар заңын айналып өтіп, 9 млн долларға тікелей қызмет көрсету туралы келісімшарт жасауға тапсырма берген.

Сондай-ақ Әбішевтің аяқталмаған барлық жұмыстың актілеріне қол қойғаны хабарланды. Содан кейін ол тағы 6,8 миллион долларды Ericsson Nikola Tesla-ға аударған.

Денсаулық паспорты

"2018 жылы астаналық Тәуелсіздік сарайында өткен Digital health Astana көрмесінде Елжан Біртанов, Олжас Әбішев және Ericsson Nicola Tesla президенті Ковачевич қатысушыларға салтанатты түрде платформаның компоненті - электронды денсаулық паспортын ұсынды, бірақ ол әлі күнге дейін енгізілмеген", - дейді прокурор.

Ол 2019 жылы Біртанов платформаны пайдалануға енгізу туралы жарлыққа қол қойғанын, ал 2020 жылы премьер-министрдің орынбасарына платформа жұмысындағы ескертулерді жою туралы есеп бергенін атап өтті.

Тергеу нұсқасына сәйкес, осы уақытқа дейін платформа жұмыс істемеген. Мұны Елжан Біртанов білген.

"Платформа күні бүгінге дейін іске қосылмаған. Осыған байланысты 2020 жылдың қараша айында Денсаулық сақтау министрлігі ҚР ЦДИАӨМ бірлесіп, 2022 жылдың тамызына дейін есептелген платформаны аяқтау және енгізу бойынша Жол картасын іске асыруды өз бетінше бастады.
Бүгінгі күні платформа іске қоылмаған, оның Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграциясы жүзеге асырылмаған. Бұл пандемия кезіндегі денсаулық сақтау органдарының жұмысына кері әсерін тигізді", - дейді прокурор.

Осылайша, тергеу нұсқасына сәйкес Біртанов, Әбішев және басқа да тұлғалар бюджет қаражатын жұмсап, мемлекетке 1,5 млрд теңге немесе 4 млн доллар шығын келтірген.

Біртановтың әрекетіне қылмыстық кодекстің 180-бабы, 4-тармағы, 2-бөлігімен (Сепаратистік қызмет) баға берілген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911256-premer-ministrdi-zanylystyryp-4-mln-sygyn-keltirgen-birtanovqa-qandai-aiyp-tagylgan/