RU

Сағынтаев: "Алматы жастары" бағдарламасы келер жылы жалғасады

Баспана
Көрнекі сурет: pexels.com

"Алматы жастары 3.0" жеңілдетілген несие беру бағдарламасы келер жылы да жалғасын таппақ. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев "Алматы" телеарнасындағы тікелей эфирде айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сағынтаевтың сөзінше, 2021 жылдың 10-31 наурызы аралығында "Алматы жастары 3.0" қалалық бағдарламасы аясында өтініш пен құжат қабылданды.

Бағдарлама бойынша бастапқы және қайталама нарықтан баспана алу үшін 5 пайыздық жеңілдікпен 18 млн теңгеге дейін несие беріледі.

Бағдарлама аясында 1 000 жас отбасыны баспанамен қамту жоспарланған, олардың арасында ең көп сұранысқа ие мамандық иелері бар.

Олар медицина қызметкерлері, мұғалімдер, ЖОО-ның және ҒЗИ-ның оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, жазушылар, халықты әлеуметтік қорғау саласының және құқық қорғау органдарының қызметкерлері.

Қала әкімінің айтуынша, бұған дейін хабарланғандай, биыл түскен 9 741 өтініштің 5 913-і қабылданған. 30 сәуірде іріктелген алғашқы 500 қатысушыға жолдама берілген.

Келесі аптада, яғни 7 күннен соң келесі 500 адамға жолдама тапсырылмақ.

Бұлай жолдамаларды кезең-кезеңмен беру азаматтардың жаппай шоғырлануын болдырмау мақсатында жасалып отыр.

"Бағдарлама үлкен сұранысқа ие. Сондықтан оны жүзеге асыру келер жылы да жалғасады. Өтінімді қабылдаудың басталуы туралы ақпарат бағдарламаның сайтында және БАҚ-да жарияланады", - дейді Бақытжан Сағынтаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911287-sagyntaev-almaty-zastary-bagdarlamasy-keler-zyly-zalgasady/