Оразада жыныстық қатынасқа барған дұрыс па: Дәрігер нәпсіні тыюға шақырды

Опубликовано:

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет: www.trendolizer.com

Рамазан айында көптің көкейінде жүретін сұрақтардың бірі – жыныстық қатынасқа түсу. Ораза ұстаған адамдардың жыныстық қатынасқа түсуіне рұқсат бар ма? Дін және медицина тұрғысынан бұл сұраққа қандай жауап бар? Тәжірибелі уролог-андролог Олжас Иманғалиұлы көпшіліктің дәл осы сұрақтармен алдына жиі келетінін айтады. Дәрігер қасиетті айда барша ораза тұтушыларды нәпсіні тыюға шақырды деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Маған әлеуметтік желі арқылы да, жекелей қабылдауым арқылы да осы сұрақты қоятындар көп. Қазір еліміздегі мұсылмандардың басым бөлігі ораза тұтып, ауыз бекіткен соң, бұл сұрақтың қойылуы да орынды.

Біріншіден, діни тұрғыда ауыз бекітушілердің төсек қатынасына баруына рұқсат жоқ. Бұл оразаны бұзады. Медициналық тұрғыдан да мұны қолдаймын. Өйткені, күні бойы ораза тұтқан адамның қан тамырлары үшін бұл пайдасыз.

Екіншіден, қасиетті ай бізге тек тамақты ғана емес, нәпсіні, құлақты, көзді тыюға берілген. Ендеше, айлардың сұлтанында нәпсіге тежеу сала білгеннің өзі керемет емес пе?! Ораза кезінде жыныстық қатынасқа баруға болмайды, бұл оразаны бұзады. Ал ауыз ашқан соң ерлі-зайыптылардың төсек қатынасына баруына болады", - дейді уролог-андролог.

Сондай-ақ, дәрігерге осы сұрақты қоятындардың қатарына бойдақ адамдар да көп. Маманның айтуынша, ауыз бекіткен адамның анализ тапсыруы да оразаны бұзатын жайттардың бірі.

"Әлі үйленбеген жігіттер де бұл сұрақты жиі қояды. Негізі, ең құрығанда осы бір айда нәпсіні тыйған дұрыс. Мұндай кезде шәуіттің сыртқа шыққаны да оразаны бұзатын жайт саналады. Сол үшін ораза тұтушылардың түрлі анализдерден де бас тартқаны дұрыс. Қасиетті айда дұрыс тамақтанып, ағзаны күтіп өткізу ең дұрыс шешім", - дейді Олжас Иманғалиұлы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911324-orazada-zynystyq-qatynasqa-bargan-durys-pa-dariger-napsini-tyyuga-saqyrdy/