Сот Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін тағы ұзартты
Опубликовано:

Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін ұзарту туралы тергеу органының өтінішін ішінара қанағаттандырды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Сот шешімін оқыған судья Айбек Әбу бұрынғы министрдің тағы бір ай үйқамақта болатынын мәлім етті.
"Ауданаралық тергеу соты үйқамақ мерзімін 8 айға дейін – 2021 жылдың 14 маусымына дейін созу керек деп санайды. Сот тергеу органының Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін 8 айға дейін ұзарту туралы өтінішін ішінара қанағаттандыру керек деген шешім шығарды. Елжан Біртановқа медициналық мекемелерден басқа нысандарға үйден шығуға рұқсат бермеу туралы бөлігін қанағаттандырудан бас тартылды", - деді судья.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 30 қазанында Елжан Біртанов қамауға алынды.
6 қарашада сот бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстырды. Экс-министрге медициналық мекемеге баруды қоспағанда, үйден шығуға, телефонмен сөйлесуге, хат-хабарлама жолдауға және байланыс құралдарын пайдалануға тыйым салды. Сонымен қатар оған отбасы мүшелерінен басқа адамдармен сөйлесуге тыйым салды.
2021 жылдың 21 сәуірінде судья Елжан Біртановтың үйқамақта болу мерзімін 14 мамырға дейін созды.
Сот экс-министрге "өмірге қажетті іс-әрекеттерді орындау үшін" таңғы 8.00-ден кешкі 19.00-ге дейін үйден шығуға рұқсат берді. Елжан Біртанов үйқамақта болуына қарамастан жұмысқа орналасты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911415-sot-elzan-birtanovty-uiqamaqta-ustau-merzimin-tagy-uzartty/