RU

Шымкентте әуе шары электр бағанына құлап, 4 мыңға жуық абонент жарықсыз қалды (видео)

әуе шары11
Көрнекі фото: pixabay.com

Шымкентте әуе шары электр бағанына құлап, 4 мыңға жуық абонент жарықсыз қалды деп хабарлайды Шымкент қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы.

Оқиға 6 мамыр күні кешке, 20:24 шамасында Тұран шағын ауданында жеке кәсіпкер әуе шарын жинау барысында орын алған.

"Яғни желдің соғуы себебінен әуе шары басқарылмай 10 кВ әуе желісінің үстіне құлап, электр желілері үзілді. Сондықтан Тұран шағын ауданы мен Шымсити, Асар-2 шағын ауданы және New City көпқабатты тұрғын үйлеріндегі 4 мыңға жуық абонент электр қуатынсыз отыр. Қазіргі таңда "ОңтүстікЖарықТранзит" ЖШС-нің, "Қуатжылуорталық-3" МКК-нің арнайы бригадалары қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде.

Аталған факт Қаратау аудандық полиция бөлімінің АЕК-не №217913030012355 тіркелді және ҚК-тің 204 бабының 2-бөлігімен тіркеу көзделуде. Қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұрай отырып, тұрғындарды сабырлық танытуға шақырамыз", - дейді Шымкент қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Оралда қалалық мәдениет және демалыс саябағындағы әткеншек істен шығып, 8 бала жарақат алғанын хабарлаған едік.

Бұл жайттан кейін аттракционның жұмысы тоқтатылып, полиция қылмыстық кодекстің 306-бабы 2-бөлігі (Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған болатын.

Сонымен қатар, зардап шеккен балалардың жағдайы белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911478-symkentte-aue-sary-elektr-baganyna-qulap-4-mynga-zuyq-abonent-zaryqsyz-qaldy-video/