RU

Грузияда жұмбақ жағдайда қаза тапқан қазақстандық туралы тың ақпарат пайда болды

Фото
Фото: instagram.com/assel_ayt

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Грузияда жұмбақ жағдайда қаза тапқан қазақстандық бойжеткенге қатысты ақпарат таратты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Грузияның құқық қорғау органдары біздің елшілікке берген ақпаратқа сәйкес, биылғы 5 мамырда Тбилиси қаласындағы бір үйдің терезелерінің астынан Қазақстан азаматының денесі табылған. Алдын ала мәлімет бойынша, аталған қыз 9-қабаттан құлап мерт болған", - деді сыртқы істер министрлігі.

Грузия полициясының өзін-өзі өлтіру халіне жеткізу деген күдікпен қылмыстық іс қозғағаны белгілі болды. Полиция күдіктіні қамауға алған. Басқа ақпарат тергеу мүддесі үшін жарияланбайды.

"Грузиядағы Қазақстан елшілігінің консулы марқұмның отбасымен үнемі байланыста. Бұл іс елшіліктің ерекше бақылауына алынды. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі ел азаматының денесін отанына жеткізуге жан-жақты көмек көрсетуде", - делінген ведомствоның хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін 26 жастағы қазақстандық Әсел Айтпаеваның Грузияда жұмбақ жағдайда қайтыс болғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911551-gruziyada-zumbaq-zagdaida-qaza-tapqan-qazaqstandyq-turaly-tyn-aqparat-paida-boldy/