RU

Теміртауда ауладағы балалар ойыны мылтық атумен аяқталған

мылтық
Көрнекі фото: 24.kz

Теміртау қаласында көршілердің арасында жанжал шығып, олардың бірі мылтық атқан. Абырой болғанда, оқиға салдарынан қаза болғандар мен жарақат алғандар жоқ деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жанжал 8 мамыр сағат 20:42 шамасында Теміртау қаласындағы 8-ші шағынауданының ауласында болған. Ұрыс аулада ойнап жүрген балалардың төбелесінен туындапты.

Оларды ажырату үшін үйлерінен әкелері шыққан. Алайда, өзара келісе алмаған ересектер де ақыр соңында төбелесе кетіпті.

«Мән-жайды анықтау барысында балалардың бірінің 43 жастағы әкесі 32 жастағы қарсыласын бетінен ұрғаны, содан кейін соңғысы үйден мылтық алып, екі рет одан ауаға оқ атып, қашып кеткені анықталды. Атыс кезінде зардап шеккендер жоқ.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 293-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Жасырынған адамды ұстау үшін облыстың ішкі істер органдарының жеке құрамы бағытталған. Тергеу жүріп жатыр», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911637-temirtauda-auladagy-balalar-oiyny-myltyq-atumen-ayaqtalgan/