RU

"Баспана алады": Даниал Ахметов өрттен зардап шеккендерге қандай көмек көрсетілетінін айтты

Фото
Оқиға орнынан фото: Даниал Ахметовтың әлеуметтік желісіндегі парақшасы

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Риддер қаласының жанындағы Лесхоз кентіне барып, тұрғындармен кездесті. Тілдесу кезінде ол өрттен зардап шеккендердің барлығы баспана алатынын мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бұл туралы өңір басшысы Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

Даниал Ахметов өрт кезінде қаза тапқан кент тұрғыны Галина Филаретовна Спивакованың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтып, табиғи апаттан зардап шеккен азаматтарға зор денсаулық пен тезірек сауығуларын тіледі.

Оның айтуынша, үкімет пен облыс әкімдігі тарапынан зардап шеккендерге жан-жақты қолдау мен көмек көрсетіледі!

"Өрттен зардап шеккендердің барлығы баспана алады! Бұл жұмыс ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ерекше бақылауында екенін атап өткім келеді.

Қазіргі уақытта, расталған ақпаратқа сәйкес, 35 үй мен 9 ғимарат өртенді.

Алдын ала есеп бойынша, тұрғын үй мәселесін толық шешу үшін бізге екі жарым ай қажет.

Тұрғындармен кездесу барысында жұмыс жоспарына тоқталып, барлық жағдайды бүкпесіз баяндап бердім. Риддерде салынып бітпеген бірнеше көпқабатты үйлер бар, оларды біз сатып алып, құрылысын аяқтауды межеге алып отырмыз. Бұл баспаналар кірпіштен жасалған, бүгін кездесуден кейін біреуінің жағдайын жеке өзім барып көрдім. Таңертең құрылыс компанияларымен бірге қалған үйлерді бағалап шығамыз.

Егер кімде-кім көпқабатты тұрғын үйден бас тартса және ескісін жөндеуді талап етсе, біз оны жөндейміз.

Құжаттарды қалпына келтіруге қатысты айтар болсам. Полиция департаменті мен ХҚКО ертеңнен бастап бұл жұмыспен айналысады. Барлық құжаттарды бірқалыпты тәртіпте қалпына келтіреміз.

Мүліктік шығындарға келетін болсақ, төлемдер заңға сәйкес жүзеге асырылады. Арнайы комиссия жұмыс істеп, шығындардың құнын анықтайды және заңнама ережелеріне сәйкес өтемақымен айналысады.

Агротехникалық колледж жатақханасы мен профилакторий базасында барлық зардап шеккендерді қоныстандыру үшін орындар ұйымдастырылды", - деді Даниал Ахметов.

Сөз соңында өңір басшысы өрттің себебі екі-үш күнде анықталатынын жеткізді.

Айта кетейік, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласының маңында орман өртеніп, қызыл жалын тұрғын үйлерге жеткенін жазған едік.

Кейінірек ШҚО-да полиция қызметкерлері өрт аумағынан бір әйелдің мәйітін тапты. Одан бөлек, зардап шеккен екі адам ауруханаға жеткізілгені айтылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911781-baspana-alady-danial-axmetov-ortten-zardap-sekkenderge-qandai-komek-korsetiletinin-aitty/