RU

Нұр-Сұлтанда тұрғын үй кешеніндегі жабық тұрақта көлік өртеніп кетті

көлік өртеніп жатыр
Көрнекі фото: oneplus-russia.ru

Нұр-Сұлтан қаласының ”Жанұя“ тұрғын үй кешенінің паркингінде тұрған көлік өртенді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

“10 мамыр күні сағат 22:20-да Нұр-Сұлтан қаласының ТЖД бөлімшелері қаланың Алматы ауданындағы Тәуелсіздік даңғылы 21/6-үйге аттанды.

Оқиға орнына келген сәтте ”Жанұя” тұрғын үй кешенінің паркингіне қойылған Lada Largus көлігі өртеніп жатқаны анықталды. Сондай-ақ, оның қасында тұрған Toyota көлігінің алдыңғы бампері бүлінген. Жалын сағат 22.36-да сөндірілді. Оқыс оқиғадан ешкім зардап шекпеген”, - делінген ТЖД таратқан хабарламада.

Өрттің неден шыққаны әзірге нақтыланған жоқ.

Айта кетейік, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласының маңында орман өртеніп, қызыл жалын тұрғын үйлерге жеткенін жазған едік. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі жел салдарынан өрт Лесхоз кентінің 14 үйін шарпығанын хабарлаған болатын.

Кейінірек ШҚО-да полиция қызметкерлері өрт аумағынан бір әйелдің мәйітін тапты. Одан бөлек, зардап шеккен екі адам ауруханаға жеткізілгені айтылды. Көп ұзамай президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысындағы өрттен зардап шеккендерге көмек көрсетуді тапсырды. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өрттен зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл мәселені президент өз бақылауында ұстап отыр", - деді Берік Уәли.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911810-nur-sultanda-turgyn-ui-kesenindegi-zabyq-turaqta-kolik-ortenip-ketti/