RU

Алматы маңында жоғарғы биіктіктен параплан құлап, екі адам зардап шекті (видео)

Фото
Видеодан кадр: instagram.com/nash_issyk

Алматы маңында электр желісіне оратылып, жоғары биіктіктен құлаған екі парапланшы жарақат алды. Олар ауруханаға жеткізілді. Келеңсіз жағдай туралы Шамалған ауылдық округі әкімдігі түсініктеме берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Парапланның құлағаны бейнеленген видео әлеуметтік желілерде тарады. Онда оқиғаның Қарасай ауданындағы Шамалған ауылының маңында болғаны айтылған.

Ұшу аппараты ауа ағынына түсіп қалып, жылдамдықпен электр желісіне зақым келтірген. Құлау салдарынан екі адам жарақат алған.

Белгілі болғандай, зардап шеккендердің бірі нұсқаушы Дмитрий Гридасов. Ол парапланмен секіру мектебінің басшысы. Пилот 2013 жылғы планеризмнен Қазақстан чемпионы атанған.

Зардап шеккеннің екіншісі Алматы қаласының тұрғыны.

Шамалған ауылдық округінің әкімі Ержас Тоқтасынов келеңсіз жағдайды растап отыр. Ол әлеуметтік желіде көпшіліктің талқысына түскен оқиға 9 мамырда түстен кейін орын алғанын айтты.

"Расыменде, параплан жоғары биіктіктен құлады. Сол күні қатты жел болды. Құлау кезінде электр желісі зақымданды. Екі зардап шегуші де ауруханаға жеткізілді. Аудандық электр желісі қазір желіні жөндеп жатыр", - деді Ержас Тоқтасынов.

Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің жағдайы туралы айтып, олардың бірі жансақтау бөлімінде екенін нақтылады.

"Жарақат алғандар Қарасай аудандық ауруханасына жеткізілді. 1971 жылы туған науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр. Диагноз: бас сүйек-ми жарақаты, бас сүйегінің ауырсынуы, көптеген сүйектердің сынуы. 2004 жылғы науқас травматология бойынша ауруханаға түсті. Жағдайы орташа ауыр", - деді ведомствоның баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911852-almaty-manynda-zogargy-biiktikten-paraplan-qulap-eki-adam-zardap-sekti-video/