Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Нұр-Сұлтанда көпқабатты үй қабырғасының кірпіштері мүжіліп, құлап жатыр

Опубликовано:

Фото
Фото: Астана телеарнасы

Елордадағы көпқабатты үйлердің бірінің кірпіштері мүжіліп, құлап жатыр. Өкініштісі - құрылыс материалдары тұрғындар көп жүретін жерлерде шашылған. Аталған үйден пәтер алған тұрғындар тіпті аулаға шығуға қорқамыз дейді. Бұл туралы Астана телеарнасы хабарлайды.

Пәтер иелерінің айтуынша, абырой болғанда үй қабырғасының мүжілген кірпіштері ешкімнің басына құлап түспеді дейді. Тұрғындар мұндай көріністі он жыл бойы көріп келеді екен. Олар үйдің барлық талапқа сай салынбағанына сенімді.

"Бұл мәселемен біз жыл сайын ұшырасамыз. Жергілікті әкімдікке қанша рет шағымдандық, бірақ жауап жоқ. Сонда кірпіштер біреудің үстіне құлағанда күтуіміз керек пе? Мүжілген кірпіш адам көп жүретін үйдің алдында құлап жатыр. Қазір тіпті үлкеніміз де, кішіміз де далаға шығуға қорқамыз", - дейді үй тұрғындарының бірі.

Бір қызығы, тұрғын үй осыдан он жыл бұрын ғана салынған. Алайда пәтер иелері оның сапасы сын көтермейтінін алға тартады. Ал үй басқаруындағы компания тұрғын үйдің техникалық талаптарға сай салынбаған дейді.

Айта кетерлігі, былтыр үй қабырғасын жөндеу үшін құрылысшылар да келген көрінеді. Алайда, тұрғындардың сөзінше, олар жұмысты аяқтамақ түгіл, бастамапты да.

"Осының бәрін кім қалпына келтіретін болады? Ешкім келмеді, олар тіпті өздерің жөндеп алыңдар деп бізге сілтейді. Олар тек құрылыс заттарын әкеп берді, алайда түк бітірмеді, яғни бізге ешкім көмектескен жоқ", - дейді "Кампус" тұрғын үй кешенінің басқарушысы Уәлихан Аслугужуиев.

Әкімдіктегілер үй құрылысында ақаулар болғанын жасырмайды, алайда оны апатты деуге асықпайды. Десе де үйге бір мәрте техникалық сараптама жүргізіп көріпті. Алдағы уақытта шенеуніктер осындай тағы бір сараптама жасаймыз деп отыр.

"Егер үйге апатты немесе жөндеу жұмысы қажет ететін үй мәртебесі берілетін болса, тұрғын-үйді техникалық тексерістен өткізу үшін, арнайы мекеме келетін болады. Ал төтенше жағдай ауқымындағы мәртебе берілсе, онда оны жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен ақша сұралатын болады", - дейді Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары Жасұлан Байжанов.

Әзірге сараптаманың қай уақытта болатыны белгісіз. Ал көпқабатты үйдің тұрғындары жөндеу жұмыстары жүргізілгенше, жазатайым оқиға болмаса игі еді дейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1911853-nur-sultanda-kopqabatty-ui-qabyrgasynyn-kirpisteri-muzilip-qulap-zatyr/

pixel