RU

Алматыда тағы да бір азамат вакцина салдырған соң жансақтау бөліміне түсті

Көрнекі
Көрнекі фото: NUR.KZ

8 мамырда коронавирусқа қарсы вакцина алған алматылық ауруханаға түсті. Рымтай Алимпияев "Спутник V" вакцинасының екінші компонентін алып үйіне келген соң, өзін жайсыз сезінген. Ол 9 мамыр күні таңға жуық қалшылдап ауырып, есінен танып қалған. Бұл туралы науқастың туыстары айтты деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жедел жәрдем қызметі 44 жастағы азаматты қалалық №4 клиникалық ауруханасына жеткізіп, бірден жансақтау бөліміне жатқызған. Науқастың әпкесі Гүлзира Алимпяеваның сөзінше, інісі медициналық мекемеге түсерден бір күн бұрын №5 қалалық емханада "Спутник V" вакцинаның екінші компонентін салдырған.

"Інім осы күнге дейін арнайы әскери жасақта істеп, зейнетке шыққан. Ондай әскери адамдар ылғи дәрігерлердің бақылауында болады. Жыл сайын тексеріліп отырады. Денсаулығына қатысты шағым айтқан емес. Зейнет демалысына шыққан соң бір медициналық мекемеде жүргізуші болып жұмыс істеп жүрген. Сол жере вакцина алуға мәжбүрлегені белгілі болды. Жұмыстан шығасың деп қорқыту болған. Бала-шағасы бар, кім жұмысынан айырылғысы келеді. Сондықтан амалсыз барған. Вакцинаның 1-ші компонентін Алматыдағы №5 емханадан алған. Бірақ ол азаматта аллергиялық ауру белгілері болатын. Кез-келген препаратқа, антибиотиктерге аллергиясы болған. Емханада медотвод (вакцинадан бас тарту жағдайы - ред.) жасамаған болып тұр. Ауызша сұраған да, сала салған", - дейді Гүлзира Алимпияева.  

Вакцинаның бірінші компонентін алған соң бас ауруы басталған. Ауырғанын басу үшін үнемі дәрі ішкен. Арада 21 күн өткен соң Рымтай Алимпияевқа хабарлама келіп, екінші компонентін алуға мәжбүр болған.

8 мамырда екінші компонентін алғанның ертеңіне ұйқыдан тұрғанда, киініп жатып дірілдеп құлаған. Сосын оны жедел жәрдем қызметі арқылы №4 клиникалық ауруханаға жеткізілген.

Фото
Фото: Рымтай Алимпияевтың туыстары

"Жарайды, ол күні мереке. Кезекші дәрігерлер қарағанымен, нақты диагнозын айтпайды. Біреулер ісік бар дейді, біреуі гемотома бар дейді. МРТ түсіріңдер деді. Мереке күндері ол жерлер жабық болды. Біресе неврологияға, біресе, реанимацияға жатқызды. Інім жақында ғана скринингтен өткен, дені сау болып шыққан. Сол себепті бізде күмән туып отыр. Біз бұл сау адамның екпеден соң, ауруханаға ауыр жағдайда түскенінен соң, осылай дабыл қағып, денсаулық сақтау басқармасына келіп тұрмыз. Енді осыдан соң қалай вакцина алуға болады? Толық тексеруден өткізіп, оның қандай дәрілерге қарсы көрсетілімі бар, соны біліп барып салуы қажет еді. Бірініш компоненттен соң ол басының ауырғанын айтқан соң, екіншісін толық тексеріп барып салмай ма?! Қан қысымын өлшеген де, сала салған. Нәтижесі осы", - дейді науқастың туысы.

Науқастың жақындарының талабы -  вакцинадан соң ауруханаға түскен азаматтың денсаулығына немқұрайлы қарамау.

Білікті дәрігерлерді жинап, дұрыстап кеңесіп, оның айығып кетуіне жағдай жасап беруін сұрайды.

Фото
Фото: Рымтай Алимпияевтың туыстары

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері Рымтай Алимпияевтың туыстарының шағымынан соң, №4 клиникалық ауруханада білікті мамандардың кеңесі болатынын мәлімдеді.

Бүгін түстен кейін науқастың нақты диагнозы айтылмақ.

Басқарма басшысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева науқастың ауруханаға түсуі коронавирусқа қарсы екпемен байланысты болмауы мүмкін екенін де айтады.

"Біз оның вакцинациямен байланысы болмауы мүмкін деген болжамды да қарастырып отырмыз. Оның неврологиялық жүйесінде басқа аурулары болуы мүмкін деп болжап отырмыз. Қазір консилиум жинап жатырмыз. Соның қорытындысына қарап, біз сіздерге нақты жауап айтамыз. Ол жерде бас дәрігер профессорлық-оқытушылық құрамды жинап, осы науқастың жағдайын саралап жатыр. Науқастың туыстарына қажетті ақпараттарды береміз. Иә, бүгін үшінші тәулік болды. Біз нәтижесін алып, тиісті жерлерге, соның ішінде БАҚ-қа ақпарат береміз. Науқас қазір неврология бөлімінде жатыр. Кеше реанимацияға түскен, қайтадан неврологияға ауыстырылды", - дейді Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары.

Еске сала кетсек, осыған дейін әлеуметтік желіде "Алматы қаласының тұрғыны вакцинадан соң көз жұмды" деген ақпарат тараған болатын.

Бұған қатысты мегаполистің қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы пікір білдірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911880-almatyda-tagy-da-bir-azamat-vakcina-saldyrgan-son-zansaqtau-bolimine-tusti/