RU

Қазандағы атыс: Көз жұмғандар арасында жеті оқушы бар

Атыс
Оқиға орны. Фото: РИА Новости

Бүгін Ресейдің Қазан қаласындағы мектептердің бірінде атыс болды. Оққа ұшырап, көз жұмғандардың жетеуі мектеп оқушысы, біреуі мұғалім екендігі анықталып отыр. Тағы 20 адам жарақат алған деп хабарлайды РИА Новостидің telegram арнасы.

Татарстан президенті баспасөз қызметінің мәліметінше, атыс салдарынан қаза тапқандар арасында жеті мектеп оқушысы мен мұғалім бар. Тағы 20 адам әртүрлі жарақат алған. Оның 16-ы бала, қалғаны мектеп қызметкерлері.

Одан бөлек, жарақат алған 6 бала ауыр жағдайда ауруханада жатыр.

Сонымен бірге Ресей президенті Владимир Путин мектептегі атыс кезінде зардап шеккен балаларға барлық медициналық көмекті көрсетуге тапсырма бергені хабарланды. Қазанға психологтардан құралған төтенше жағдайлар министрлігінің борты жіберілген.

Сондай-ақ Путин атыс кезінде қайтыс болғандардың жақындары мен туыстарына қайғыра көңіл айтқан.

Айта кетейік, ертең 12 мамыр Татарстанда аза тұту күні деп жарияланды.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазан қаласындағы №175 мектепте бейтаныс адамдардың оқ жаудырғанын жазған едік.

Татарстан президенті Рустам Минниханов оқиға орнына аттанғаны да белгілі болды. Одан бөлек, жедел жәрдемнің 20 көлігі келген.

РИА Новостидің Telegram арнасы мектепте оқ жаудырғандардың бірін полицейлер қолға түсіргенін хабарлады. Әлеуметтік желіде 19 жастағы Ильназ Галявиев есімді азаматты ұстау сәтінен видео жарияланған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911909-qazandagy-atys-7-oqusy-qaza-tapty-20-adam-zaraqat-algan/