Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жаңа дерек: Риддердегі алапат өртке кәуап себеп болуы мүмкін (видео)

Опубликовано:

Риддердегі өрт
Фото: ҚР ТЖМ

Шығыс Қазақстан облысындағы алапат өртке қатысты жаңа деректер шықты. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, қызыл жалынның шығуына кәуапқа арналған от себеп болуы мүмкін.

Дүйсенбі күні кешке қарай Риддер маңында орман өрті басталып, қызыл жалын Лесхоз ауылына да тиген. Бастапқыда өрт 14 үйді шарпыса, кейінірек бұл сан 35-ке дейін өсті. Күл астынан әйел адамның мәйіті табылып, тағы екі адам жансақтау бөліміне түскен.

Полицейлер қайғылы оқиғаға кінәлі болуы мүмкін күдіктіні ұстады. Ол 35 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.

Осы ретте ауыл тұрғындары оқиғаның мән-жайын "Еуразия бірінші арнасының" тілшілеріне айтып берген.

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, олар жастардың табиғат аясында демалып жатқанын, кәуап пісіру үшін от жаққанын көрген. Телеарнаның хабарлауынша, куәгерлер алғаш тұтанған отты видеоға түсіріп алыпты.

Сонымен бірге, ауыл халқы сол бір жантүршігерлік минуттарды да еске алған.

"Ұлым қолын қатты жарақаттап алды. Сіңірі кесіліп кеткен. Бірақ біздің қалалық аурухана көмек көрсетпеді. Күйік шалған науқастарды әкелді. Оларда тіпті фурацилин де жоқ", - дейді Светлана есімді әйел.

Вера есімді ауыл тұрғынының күйеуі де өрт салдарынан ауруханаға түскен. Ер адамның денесінің жоғары бөлігі 70 пайыз күйіп қалған екен.

"Күйеуімнің жағдайы өте ауыр. Төменде қалып кеткен әйел шыға алмай қалды. Оның қолдары сал еді. Ол иіс тиіп, қайтыс болды", - дейді Вера.

Риддер қалалық ауруханасы да зардап шеккендер туралы мәлімет берген.

"1949 жылы туған пациент жансақтау бөліміне ауыр халде, 80 пайыз күйік шалып түсті. Екінші науқас травматологиялық бөлімде жатыр. Оның денесін 40 пайыз күйік шалған. Санавиация, облыстық травматолог, облыстық реаниматолог шақыртылды. Кеңес беріліп, пациенттерді Өскеменге ауыстыру ұсынылды", - дейді ауруханадағылар.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысында төтенше жағдай режимі енгізілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1912025-zana-derek-ridderdegi-alapat-ortke-kauap-sebep-boluy-mumkin-video/

pixel