Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ала жіпті аттамадым": Алматы облысында 34 жыл бойы әкім болған азамат туралы не білеміз

Опубликовано:

Тайыржан Асматуллаев
Тайыржан Асматуллаев: Жеке мұрағат

Алматы облысы Панфилов ауданы Шолақай ауылында 34 жыл бойы бір ауылды басқарған Тайыржан Асматуллаев зейнет демалысына шықты. Ол 1987 жылдан бастап 2021 жылдың мамырына дейін табан аудармай, ауыл әкімі қызметін атқарған. Осынша жыл басшылық қызметте болған Асматуллаев ауылын көркейтіп, қиын-қыстау кезеңдерден аман алып шығу үшін бар күшін салғанын жасырған жоқ деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Тайыржан Асматуллаев Жаркент қаласында дүниеге келіп, кейін ата-анасының жұмыс бабымен Шолақай ауылына көшіп барады. Еңбек жолын дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастаған. Әскер қатарында болып, Алматыда, кейін Волгоград қаласында білім алды.

Бір қызығы, Тайыржан мырза кеңес үкіметі құламай тұрып, басшылық қызметке келеді. Сол аралықта бір ауылды гүлдендіріп, еліміздің тәуелсіздік алған жылдарын, тоқырау кезеңдерін, түрлі экономиалық қиындыққа тап болған сәттерін халықпен бірге өткізген.

«Ауылды басқарғаныма отыз жылдан асып кетіпті. Осы отыз жылдың ішінде неше түрлі нәрсе бастан өтті. Әкім ретінде қызметімді бастағанда отыз жастағы жігіт едім. Жас келсе іске деп, еңбек майданына кірісіп кеттік. Енді, міне, уақыт зымырап, 64-ке келген ақсақалға айналып шыға келдім. Бір ауылдың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, халықпен бірге қуанып, халықпен бірге қиналдық. Енді сол еңбектің зейнетін көрудеміз», - дейді Тайыржан Асматуллаев.

Осынша уақыт бойы халықпен етене жұмыс істеген әкім әрбір жанұяның жанына жақын екенін, әрбір отбасының жетістігі мен қиындығын жүрекпен қабылдағанын айтады. Сондай-ақ, ол 90-шы жылдардағы тоқырау кезеңдерін де еске алды.

«Ауылдағы әр отбасының жағдайымен жақсы таныспын. Жоғарыда айттым ғой, осы уақыт ішінде талай қиындықты бастан кештік. Әсіресе, тәуелсіздік алғаннан кейінгі ауыр кезеңдерді абыроймен атқарғанымыз қуантады. Әлі есімде, ол кездері ауылда жарық болмайтын. Электр жарығы тек қана қалада, облыс орталығында бар. Май шамның жарығынан бәріміз де шаршадық. Содан ауыл халқының басын қосып, ортақ ақша шығарып, генератор сатып алатынымызды айттым.
Ақша жиналды, бірақ генераторды іздеп, бармаған жерім жоқ. Әйтеуір, ауылдың төрт жағына қоятын төрт генератор табылып, кешкі уақыттан бастап 3-4 сағат электр жарығын қосатынбыз. Осы уақытта балалар сабағын оқып, әр отбасы бір мәз болып қалушы еді. Аудан орталығында да жоқ жарықтың біздің алақандай ауылымзда болғаны көпшілікті таң қалдырды.
Қазір барлығы қолжетімді. Жарық та, интернет те, жанға керек нәрсенің бәрі бар. Мұндай заманның да өткенін естелік ретінде айтып отыратынымыз қуантады», - дейді әкім.

Тайыржан Асматуллаев осынша жылдық қызметінде қандай қағиданы ұстағанын да айтты.

«Марқұм әкем «Ешкімнің ала жібін аттама» дегенді жиі айтатын. Осы сөзді басты қағидатыма айналдырдым. Ала жіпті аттамауға, елдің мәселесін шешуге, шешілмейтін түйіндер болса дұрыстап түсіндіруге тырыстым. Былтыр зейнет жасына толғанымда аудан әкіміне барып, маған демалыс беруді сұрағанмын. Аудандық әкімдіктегілер тағы бір жыл жұмыс істеуімді өтінді. Сол өтініштерін орындап, зейнет демалысыма шығып отырмын. Енді немерелерімді бағамын», - дейді ол.

Тайыржан Асматуллаев екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, жеті немеренің атасы атанып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912027-ala-zipti-attamadym-almaty-oblysynda-34-zyl-boiy-akim-bolgan-azamat-eldi-tanti-etti/

pixel