Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазандағы атыс: Оқ жаудырған қаскөйді қарауыл мен еден жуушы тоқтатпақ болған

Опубликовано:

Қазандағы атыс
Оқиға орны. Фото: Telegram / rian_ru

Татарстан астанасы Қазандағы гимназиялардың бірінде болған атыстан көз жұмған балалардың барлығы 8-сынып оқушылары екені анықталып отыр. Оқ атқан жас жігітті қарауыл мен еден жуушы тоқтатпақ болған деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, оқ жаудырған азаматты қарауыл мен еден жуушы тоқтатпақ болғанымен, бұл әрекеттерінен түк шықпаған. Бұл уақытта ғимаратта 700-ден астам оқушы және 70-ке жуық мұғалім мен қызметкерлер болған.

Жігіт оқ жаудырған сәтте жеткіншектердің бірі мектептің үшінші қабатынан секіріп кеткен. Мұны куәгерлер видеоға түсіріп алыпты. Оқиға орнына күштік құрылым өкілдері келіп, ғимаратты қоршауға алды. Оқушылар, мұғалімдер мен қызметкерлер таяу маңдағы балабақшаға эвакуацияланған. Қаскөйдің өзі көп ұзамай тұтқындалды.

Ол 19 жастағы гимназия түлегі болып шыққан. Қазір Қазандағы университеттердің бірінің 4-курс студенті екен. Алайда Вести.ру сайтының хабарлауынша, академиялық қарызына байланысты ол жақында ғана жоғарғы оқу орнынан шығарылған. Күдіктіні бұл әрекетке нақты не итермелегені әзірге белгісіз. Оқ жаудырмас бұрын ол Телеграм-канал ашып, онда жаппай кісі өлтіру туралы жазба қалдырған екен.

Енді жас жігітке психология-психиатриялық сараптама тағайындалған. Желіде одан тергеу изоляторында жауап алынып жатқан сәті жарияланды. Ол қару сақтауға рұқсатты екі апта бұрын ғана алған болып шықты. Бұл ақпаратты оқиға орнына келген Татарстан президенті де растады.

Соңғы дерек бойынша мектептегі бұл оқиға кезінде көз жұмғандардың жетеуі оқушы, біреуі мұғалім. Марқұмдар арасында тағы бір әйел бар. Қайтыс болған балалардың барлығы 8-сынып оқушылары. Төртеуі ұл, үшеуі қыз бала. Президенттің тапсыруымен марқұмдардың отбасыларына бір миллион рубльден төленеді.

Ауруханаға 18 бала жеткізілгені хабарланды. Алтауы ауыр халде жатыр. Олар көп қан жоғалтқан екен. Дәрі-дәрмек пен қан қоры жеткілікті екендігі әрі гауқастарға қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатқаны белгілі болып отыр.

Тергеу комитеті жаппай кісі өлтіру туралы қылмыстық іс қозғады. Ресей президенті қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты. Тұрғындар арасында оқиға орнына келіп, гүл қойып жатқандар бар. Көңіл айту кітабы да тұр. Қайғылы оқиғадан кейін ресми Мәскеу Қазанға төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы бортын жөнелтті. Онда дәрігерлер мен психологтар бар. Сондай-ақ президенттің тапсыруымен оқиға орнына ағарту министрі мен денсаулық сақтау министрі де аттанды.

Ал қоғам қайраткерлері мұндай оқиғаға қатысқан қаскөйлердің есімдерін жария етпеуді ұсынып отыр. Бұл жасөспірімдердің оларға еліктемеуі үшін қажет екенін айтады.

Жантүршігерлік осы оқиғадан кейін Татарстан билігі қару иелерінің барлығы кешенді тексеруден өтетінін айтты. Ал Мәскеу мектептеріндегі күзет компаниялары арасында қосымша шара жүргізіледі. Сондай-ақ білім беру мекемелерінде дабыл батырмасының қалай жұмыс істейтіні және эвакуацияға арналған есіктердің қалай қолданылатыны тексеріледі. Сөйтіп, мектептерде қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілетін болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1912028-qazandagy-atys-oq-zaudyrgan-qaskoidi-qarauyl-men-eden-zuusy-toqtatpaq-bolgan/

pixel