RU

Түркістан мен Шымкенттен Стамбұлға қатынайтын әуе рейстері қайта ашылады

Ұшақ
Көрнекі фото: piqsels.com

Turkish Airlines және Pegasus Airlines әуе компанияларының рейстері ашылады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі telegram арнасында хабарлады.

Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес түрік әуе компанияларына Түркістан – Стамбұл бағытында халықаралық тұрақты рейс ашуға және Шымкент – Стамбұл бағытында тұрақты рейсті қайта бастауға рұқсат етілді.

Атап айтқанда, Turkish Airlines әуе компаниясы 22 мамырдан бастап Түркістан – Стамбұл – Түркістан бағытында жаңа рейстер ашуды жоспарлап отыр.

Бастапқы кезеңде рейстер А-321Neo әуе кемесімен аптасына 1 рет (6-шы күні) орындалады. Сонымен қатар, түріктердің "Pegasus Airlines" әуе тасымалдаушысы 23 мамырдан бастап Шымкент және Стамбұл қалалары арасында тұрақты рейстерді орындауды қайта бастауды жоспарлап отыр.

Рейстер бастапқы кезеңде B-737 әуе кемесімен аптасына 1 рейс (7 күн бойынша) орындалады. Эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына қарай рейстер санын кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланып отыр.

Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компанияларының сайттарында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912057-turkistan-men-symkentten-stambulga-qatynaityn-aue-reisteri-qaita-asylady/