RU

Қаржы министрі 20 млрд теңгені игермеген министрліктерді атады

Ақша18
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев осы жылдың қаңтар-сәуірінде мемлекеттік қаржының атқарылу барысын баяндады. Ол мемлекет ақшасын игермеген органдарды атады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Төрт айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджет шығысы 99,1%-ке, республикалық бюджет шығысы – 99,6%-ке, жергілікті бюджет шығысы 98,7%-ке атқарылды.

"Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда бюджеттің барлық деңгейінде атқарылу көрсеткіші жоғары. Республикалық бюджет бойынша 4,8 триллион теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 20 миллиард теңгені құрады, оның ішінде 7 миллиард теңгесі үнемделген ақша. 13 миллиард теңге игерілмеген" , – деді Жамаубаев үкімет отырысында.

Министр мемлекет ақшасын игермеген органдарды атады. Олар: ішкі істер, қорғаныс, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, білім және ғылым, сондай-ақ төтенше жағдайлар министрлігі.

Игерілмеудің негізгі себебі: конкурстық рәсімдердің ұзақ өткізілуі және уақтылы өтпеуі; төлем нақты көрсетілген қызмет көлемі, орындалған жұмыс үшін жүргізілген; орындалған жұмыс актілерінің, шот-фактуралардың уақтылы ұсынылмауы, шарттарды ұзақ келісу.

"Жергілікті бюджеттердің шығысы 2,1 триллион теңгені құрады. 28 миллиард теңге атқарылмаған" , – деді министр.

Биыл өңірлерге 1,9 триллион теңге нысаналы трансферттер көзделген. 1 мамырдағы жағдай бойынша 456 миллиард теңге бөлінген, оның 98,9%-і игерілді.

5 миллиард теңге атқарылған жоқ, соның ішінде 1 миллиард теңгесі – үнемдеу, 4 миллиард теңге игерілмеген.

Игерілмеген соманың ең көбі Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында, Батыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысында тіркеліп отыр.

Осы жылдың қаңтар-сәуірінде мемлекеттік бюджетке 3 триллион 217 миллиард теңге кіріс түсті, нәтижесінде жоспар 117,1%-ке орындалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912063-qarzy-ministri-20-mlrd-tengeni-igermegen-ministrlikterdi-atady/