RU

"Мемлекеттік органдардың ғимараты - алынбас қамал": Депутат мектеп қауіпсіздігі мәселесін көтерді

сынып
Көрнекі фото: Ақорда

Мәжілістің пленарлық отырысында депутат Андрей Линник Қазан қаласындағы мектептердің бірінде атыс болғаннан кейін еліміздегі мектептердің қауіпсіздігі мәселесін талқыға салуды жөн санады. Ол білім беру нысандарын антитеррорлық қорғау жүйесіне қойылатын талаптарды қайта қарауды талап етуде деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Депутат премьер-минитср Асқар Маминнің атына сауал жолдай отырып, Ресейдегі мектептердің бірінде болған атыстан кейін еліміздегі балалар бақшасы мен мектептердің қауіпсіздігі мәселесін қайта қарау қажеттігіне баса назар аударды.

Мәжілісмен 2015 жылы Қазақстанда қабылдаған қаулыға сәйкес, сыйымдылығы 3 мың оқушыға дейінгі оқу орындары теледидарлық бейнебақылау жүйесімен жабдықталуы керек екенін еске салды.

Ал сыйымдылығы 3 мың адамнан асатын білім беру объектілері үшін құжатқа сәйкес бейнебақылаудан бөлек, қауіпсіздік дабылы, басқару жүйесі, кіруді бақылау және хабарлау жүйелері болуы қажет.

"Бар болғаны осы ма?! Аталмыш қаулы бастамашыларының пікірінше, осы қауіпсіздік шаралары жеткілікті болып көрініп тұр ғой?! Мектептерді көбіне зейнет жасындағы вахтерлер күзетеді, кейде олармен сыпайы әңгімелесудің өзі мектепке емін-еркін кіру үшін жеткілікті болып жатады. Ал егер ниеті жаман адам келсе, егде жастағы күзетші оған қандай қарсылық көрсете алады? Осыған ұқсас сұрақтар өте көп.

Неліктен бүгінде көптеген мемлекеттік органдардың ғимараты алынбас қамал сияқты, кез келген агрессивті адамның шабуылына төтеп бере алатын әскерилендірілген күзетпен әрі бес метрлік қоршаулармен қамтамасыз етілген де, ал мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің аумақтары, іс жүзінде, кез келгені кіріп жүре беретін аула сияқты?", - деп сұрақ қойды депутат.

Линник сонымен қатар, заңға сәйкес, 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарынан белгілі бір қару түрін алуға рұқсат алғаннан кейін азаматтық қаруды ұстауға құқылы екенін атап өтті.

"Неге біздің заңнамаға сәйкес алкогольді 21 жастан, ал қаруды 18 жастан бастап сатуға болады? Сонымен бірге қаруға лицензия алу үшін есірткі және психиатриялық диспансерде тіркеуде тұрмағаны туралы анықтама ұсыну жеткілікті", - деді депутат.

Осыған байланысты мәжіліс депутаты үкімет басшысынан оқушылардың санына қарамастан мектептерді қорғауға алып, білім беру нысандарын антитеррорлық қорғау жүйесіне қойылатын талаптарды қайта қарауды сұрады. Ол білім беру ұйымдарын бейнебақылау және дабыл жүйелерімен, сондай-ақ жеке күзет компанияларының арнайы дайындалған қызметкерлері бар күзет посттарымен әрі металл іздегіштермен жабдықтау керек деп санайды.

Одан бөлек, депутат мектеп психологтары мен учаскелік инспекторлардың жұмысын қадағалауды күшейту керектігін және қаруды сатып алуға рұқсатты тек 24 жастан бастап қана беру мәселесін қарастыру қажеттігін алға тартты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912102-memlekettik-organdardyn-gimaraty-alynbas-qamal-deputat-mektep-qauipsizdigi-maselesin-koterdi/