"Жолыңды ашып берем": Түркістан облысында “балгер” тұрғынның 62 мыңын заңсыз алған
Жарияланған күні:
Түркістан облысында алаяқтыққа қатысы бар күдікті ұсталды деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас аудандық полиция басқармасына арызданған сайрамдық тұрғын алаяқтықтың құрбаны болғандығын жеткізген.
“Ауруыңнан айықтырып, жолыңды ашып беремін” деген жергілікті тұрғын 62 400 теңгесін алып, жасырынып жүргендігін көрсеткен.
Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.
Түлкібастық тәртіп сақшылары тұрғынның сеніміне кіріп, ақшасын алған күдікті әйелді тауып, қылмысты ашу мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізді.
Қажетті деп танылған барлық іс-шараларды жүзеге асырды.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті алаяқтықпен алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде.
Полиция мәліметінше, бүгінде алаяқтық жолмен азаматтарды алдап, сенімге кіріп, соңында полицейлердің көмегіне жүгініп жатқандар көбейіп жатыр.
Сондықтан, Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері мүмкіндігінше сақ болып, кез-келген адамға артық сенім білдірмеу керектігін ескертті.
Егерде сіз осындай қылмыстардың куәгері немесе құрбаны болсаңыз, онда міндетті түрде полицияның жедел желісі “102” нөміріне хабарласыңыз, деді тәртіп сақшылары.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912118-zolyndy-asyp-berem-turkistan-oblysynda-balger-turgynnyn-62-mynyn-zansyz-algan/