RU

Қазақстанда білім беру объектілеріне кіруді бақылау күшейтілмек

Фото
Көрнекі фото: Sputnik / Кирилл Брага

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 12 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов Қазақстан Республикасы Терроризмге қарсы орталығының кезектен тыс отырысын өткізді.

Іс-шара барысында Ресей Федерациясының Қазан қаласындағы № 175 мектеп-гимназиясында жақында орын алған қайғылы оқиғаның мән-жайы қаралды.

Қазақстан Республикасындағы білім беру мекемелерінің ағымдағы қауіпсіздік жай-күйі және оқушы жастардың радикалдануына жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар талқыланды.

Білім беру жүйесі объектілерін кіруді бақылау мен дабыл белгісін берудің тиісті техникалық құралдарымен нығайту бойынша шешімдер әзірленді.

Жастар ортасында зорлық-зомбылық акцияларын насихаттау және оны дайындау белгілерін анықтау мәніне әлеуметтік желілер мен Интернетті мониторингтеу тиімділігін арттыру жолдары айқындалды.

Балалар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ оларға уақтылы психологиялық көмек көрсету шаралары жетілдірілді. ТҚО отырысының нәтижелері бойынша тиісті хаттамаға қол қойылды.

Еске сала кетсек, 11 мамыр күні Ресейдің Қазан қаласындағы мектепте атыс болды. Салдарынан 7 мектеп оқушысы мен бір мұғалім көз жұмып, тағы 20 адам жарақат алған. Одан бөлек, жарақат алған 6 бала ауыр жағдайда ауруханада жатыр.

Сонымен бірге Ресей президенті Владимир Путин мектептегі атыс кезінде зардап шеккен балаларға барлық медициналық көмекті көрсетуге тапсырма бергені хабарланды. Қазанға психологтардан құралған төтенше жағдайлар министрлігінің борты жіберілген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912212-qazaqstanda-bilim-beru-obektilerine-kirudi-baqylau-kuseitilmek/