RU

Тоқаев мұсылман қауымды Ораза айт мерекесімен құттықтады

Тоқаев1
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады. Құттықтау жазбасын президенттің ресми сайты жария етті.

"Ардақты ағайын!

Баршаңызды Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Рухани тазару мен жаңаруға жол ашатын осы қасиетті мейрам күллі мұсылман қауымы үшін айрықша маңызды.

Рамазан айына жалғасқан бұл жарқын мереке қастерлі дініміздегі мейірім мен шапағат, жанашырлық пен қамқорлық сияқты асыл құндылықтарды дәріптейді.

Ораза айт әр адамның жүрегіне иман нұрын сеуіп, ізгілікке үндейді, жұртты жақсылыққа жетелеп, қоғамды игі істерге жұмылдырады. Сол арқылы халқымыздың береке-бірлігін нығайтып, ырыс-ынтымағын арттырады.

Баршамыз айттан айтқа аман-есен жете берейік!

Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!

Әр шаңырақ шуаққа бөленіп, қуанышқа кенелсін!

Ораза айт құтты болсын!", - делінген президент құттықтауында.

Еске салсақ, бұған дейін Ораза айт мерекесі қалай тойлану керектігін жазған едік.

Ораза айт мерекесінің негізгі шарты – мейрам айт намазын оқумен басталады. Айт намазы мешіттерде таңертең ерте жамағатпен оқылады.

Одан бөлек, Діни басқарма Ораза айт намазына қатысты мәлімдеме жасағанын жазған болатынбыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешітке келуші мұсылман жамағатын ең басты сақтық шараларына мән беруге шақырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912222-toqaev-musylman-qauymdy-oraza-ait-merekesimen-quttyqtady/