RU

Қазан мектебінде оқушыларға аяусыз оқ атқан күдікті өмір бойына сотталуы мүмкін

Қазандағы атыс
Оқиға орны. Фото: Telegram / rian_ru

Кеше Қазанда екі күн бұрын мектепте оқ атқан 19 жастағы Ильназ Галявиевтің бұлтартпау шарасын таңдау бойынша сот отырысы өтті. Онда жігіт кінәсін мойындаған. Күдікті өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Mash телеграм-арнасының хабарлауынша, істі қараудың арнайы процедурасы жоспарланбаған, сондықтан Ильназ өкінген жағдайда жазаның жеңілдеуінің орын алуы екіталай.

Тергеу барысында жігіттің 17 рет оқ атқаны және гимназия кабинеттерінің бірінде қолдан жасалған бомбаны іске қосқаны анықталды.

Ильназ қылмысы бойынша кінәсін мойындап, тағылған айыппен келісіп, қамауға алуға қарсы болмаған деп жеткізді БАҚ өкілдері.

Сонымен қатар күдіктінің журналистердің сұрақтарына жауап бермегені айтылды.

Life Shot telegram-арнасының мәліметінше, күдіктіге қатысты 2 айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған. Ол сот шешімін тергеу абақтысында күтеді.

Еске сала кетсек, 11 мамыр күні Ресейдің Қазан қаласындағы мектепте атыс болды. Салдарынан 7 мектеп оқушысы мен бір мұғалім көз жұмып, тағы 20 адам жарақат алған. Одан бөлек, жарақат алған 6 бала ауыр жағдайда ауруханада жатыр.

Оларға оқ атқан осы мектептің он тоғыз жасар түлегі. Күдікті қолға түсті. Қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалды.

Татарстан басшысы 12 мамырды аза тұту күні деп жариялады.

Сонымен бірге Ресей президенті Владимир Путин мектептегі атыс кезінде зардап шеккен балаларға барлық медициналық көмекті көрсетуге тапсырма бергені хабарланды. Қазанға психологтардан құралған төтенше жағдайлар министрлігінің борты жіберілген.

Сондай-ақ Путин атыс кезінде қайтыс болғандардың жақындары мен туыстарына қайғыра көңіл айтқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912225-qazan-mektebinde-oqusylarga-ayausyz-oq-atqan-kudikti-omir-boiyna-sottaluy-mumkin/