Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мұндайды көрмедік": Риддердегі өрттен соң ұйықтап кеткен өрт сөндіруші шындығын айтты

Опубликовано:

Риддер өрт
Фото: Ринат Сағидулдиновтың жеке мұрағатынан

Риддердегі алапат өртті сөндірген төтенше жағдай қызметкерлерінің видеосы әлеуметтік желі қолданушыларының жүрегін елжіретті. Видеодағы шаршап демалып жатқан өрт сөндірушілердің бірі KAZ.NUR.KZ тілшісімен сұхбаттасып, тілсіз жаумен қалай күрескендерін айтып берді.

Ринат Сағидулдинов - Риддер қаласындағы 14-ші өрт сөндіру бөлімінде бөлімше командирі. Айтуынша, желіде тарап кеткен видеоны әлі күнге кімнің түсіріп алғанын білмейді.

"Видеода - шамамен 11 мамыр күні кешкі 18.00- де, біз өртті толық сөндіріп болып, штаб басшылығынан бұйрық күтіп отырған кезіміз, бастықтың орынбасары бізге "әзірге отырып, демала тұрыңдар" деді. Риддердің Сосновый бор көшесінде отырдық. Бұл жер біздің учаскеміз болды.
Отырған жеріміз - өрттен зақымданып, бұзылған гараждың үйіндісі ғой деймін, жаңылыспасам. Шынымды айтсам, су ішіп, демалып отырғанда қалай ұйықтап кеткенімді білмеймін. Оны кімдер түсіріп алғанын да білмейміз. Видеодағы жеті адам - біздің бөлімше қызметкерлері", - дейді бөлімше командирі.
Риддер өрт
Фото: Ринат Сағидулдиновтың жеке мұрағатынан

Ринат Сағидулдинов өрт сөндіру қызметіне бес жылдан бері қызмет етіп келеді. Алайда ол мұндай ірі өртпен бірінші рет бетпе-бет келген.

"Біз өртті күнде көреміз. Оттан қорқу бізге тән емес. Бірақ осы жолы өрт шалған ауданның көлемі үлкен болды. Мұндай өртті көрген жоқпыз. Келген бетте біз шошып кеттік. Өрт сөндіруге кіріскен соң, кәдімгі күнде істеп жүрген ісіміз болған соң, үйреніп кеттік.

Біз сол күні кезекшілікте болғанбыз. Шамамен түсте шақырту түсті. Сонда біз бір жарым тәулік ояу жүріп, қызмет етіппіз. Қатты шаршаған болуымыз керек, ештеңеге де қарамай ұйықтап кетіппіз", - дейді өрт сөндіруші Ринат Сағидулдинов.
Риддер өрт
Фото: Ринат Сағидулдиновтың жеке мұрағатынан

Еске сала кетсек, дүйсенбі күні кешке қарай Риддер маңында орман өрті басталып, қызыл жалын Лесхоз ауылына да тиген. Бастапқыда өрт 14 үйді шарпыса, кейінірек бұл сан 35-ке дейін өсті. Күл астынан әйел адамның мәйіті табылып, тағы екі адам жансақтау бөліміне түскен. Полицейлер қайғылы оқиғаға кінәлі болуы мүмкін күдіктіні ұстады. Ол 35 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1912326-qatty-qoryqtyq-ridderdegi-zalyndy-auyzdyqtagan-ort-sondirusilerdin-biri-suxbat-berdi/

pixel