RU

"Өз көршісін ұрып өлтіріп, полицейлерді алдамақ болған": Көкшетауда қанды қылмыстың беті ашылды

Жұдырық
Көрнекі сурет: pixabay.com

Ақмола облысының полицейлері көршісін ұрып өлтірген деп күдіктелген ер адамды қолға түсірді. Бұл туралы Ақмола облысы полиция департаменті ресми Instagram парақшасында жазды.

Белгілі болғандай, 11 мамыр күні сағат 07:07-де Көкшетау қаласы полиция бөлімінің "102" пультіне 37 жастағы жергілікті тұрғыннан өз пәтерінің жатын бөлмесінде көршісінің өлі денесін тапқаны туралы телефон хабарламасы келіп түседі.

Қоңырау шалушы көршісінің үйге шай ішуге қонаққа келген сәтінде денесінде жарақаттар болғанын алға тартқан. Ол таңертең оянғанда көршісінің қайтыс болғанын анықтап, бірден полицияға хабарлағанына сендірмек болады.

Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары 53 жастағы ер адам шамамен түнгі сағат бірде көптеген дене жарақатынан қайтыс болғанын анықтады.

Медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, зардап шегушінің өлімі "бауырдың жыртылуымен, травматикалық шокпен ішкі ағзалардың зақымдалуымен бастың, кеуденің, іштің жарақаты" салдарынан болған.

Алайда полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицияға хабар берушінің өзі көршісін өлтіргеніне дәлелдер таба алған. Нәтижесінде күдікті жасаған қылмысы үшін өз кінәсін толық мойындады. Ол ішімдік ішу кезінде кенеттен жанжал туындаған кезде көршісін ұрып, артынша ұйқыға жатқанын, ал таңертең көршісін өлтіріп қойғанын түсінгенін айтқан.

Ер адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі "Адам өлтіру" бойынша сотқа дейінгі іс басталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912334-oz-korsisin-uryp-oltirip-policeilerdi-aldamaq-bolgan-koksetauda-qandy-qylmystyn-beti-asyldy/