RU

Алматы облысында жасөспірімді соққыға жыққан екі әйел іздестіріліп жатыр

Жасөспірім
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматы облысында аялдамада тұрған жасөспірімді екі әйел ұрып кетті. Қан жоса болып таяқ жеген 16 жастағы қыз Алматыдағы балалар ауруханасына жеткізілді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жәбірленушінің фотосуреті Іnstagram желісіндегі boraldai.news парақшасында жарияланды. Ол жерде оқиғаның Боралдай ауылындағы Сахарный аялдамасында кешкі уақытта болғаны айтылады.

Сондықтан екі әйелдің кәмелетке толмаған қызды ұрғанын көрген адамдар аз емес деп санаған қыздың анасы куәгерлерді іздестіруде.

Ал Алматы облысының полициясы оқиға 13 мамырда сағат 18.35 шамасында Боралдай ауылындағы Космонавттар көшесіндегі аялдамада болғанын хабарлады.

"Алдын ала мәліметтер бойынша, өзара жанжалдан кейін екі әйел кәмелетке толмаған қызды ұрып, оқиға орнына қашып кеткен. 16 жастағы жәбірленуші №1 қалалық балалар ауруханасына жеткізілді. Қазіргі кезде күдіктілерді анықтау мен оларды ұстау бойынша жедел іздестіру шаралары жүргізілуде", – дейді тәртіп сақшылары.

Еске сала кетсек, бұған дейін Алматының білім беру орталықтарының бірінде бір жарым жастағы қыз соққыға жығылғанын жазған едік.

Бұл туралы "НеМолчиKz" қорының жетекшісі Дина Таңсары Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

"Сәби көптеген жарақатпен қатар, бас-ми жарақатын да алған. Орталық директорының сөзінше, оны соққыға жыққан қызметкер емес, өзі сияқты бала, - деді Дина Таңсары.

Бұл жағдайға қатысты Алматы қалалық полиция департаменті түсініктеме беріп, оқиғаның мән-жайы зерттеліп жатқанын жеткізді. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912471-almaty-oblysynda-zasospirimdi-soqqyga-zyqqan-eki-aiel-izdestirilip-zatyr/