RU

Бір күнде 33 адам көз жұмды: Елімізде коронавирус құрбандарының саны күрт өсті

Аурухана1
Көрнекі фото: pexels.com

Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пен COVID-19 белгілері бар пневмонияға қатысты деректерді жаңартты деп хабарлайды ведомствоның telegram арнасы.

Өткен тәулікте 2549 адамнан коронавирус инфекциясы анықталса, қауіпті індет 33 адамның өмірін жалмаған. Тағы 2704 пациент ауруынан айыққан.

Сондай-ақ коронавирус белгілері бар пневмония диагнозы 127 адамға қойылған. 4 өлім жағдайы тіркеліп, 89 адам емделіп шықты.

14 мамырдағы мәлімет бойынша, 39 472 адам коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр, соның ішінде 14 279 пациент стационарда, 25 193 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.

Осы ретте 774 адамның жағдайы ауыр, 180 пациенттің жағдайы өте ауыр деп бағалануда. Сондай-ақ 110 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.

Еске сала кетсек, әлем бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 160 миллионнан асып кеткенін жазған едік.

13 мамырдағы деректерге сүйенсек, пандемия басталғалы бері 3 331 604 адам коронавирустан көз жұмған.

Ауру жұқтырғандардың басым көпшілігі АҚШ-та, 32 814 574 адам тіркелген. Оның 583 684-і өліммен аяқталған.

Екінші орында Үндістан тұр. Мұнда 23 703 665 адамнан коронавирус анықталса, соның 258 317-і көз жұмған.

Үшінші орында 15 359 397 ауру жұқтыру дерегі тіркелген Бразилия тұр. Бұл елде 428 034 адам коронавирустан қайтыс болған.

Ал біздің елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 353 140-қа жетіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912477-bir-kunde-33-adam-koz-zumdy-elimizde-koronavirus-qurbandarynyn-sany-kurt-osti/