Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Көшедегі кездейсоқ адамдардың кредитін жауып берген алматылық блогер елді тәнті етті (видео)

Жарияланған күні:

Нұрбек Нұртаза
Видеодан кадр: Youtube/Justking real

Алматыда полицей формасын киіп билегені үшін айыпталған TikTok-блогер кезекті видеосымен елді елең еткізді. Нұрбек Нұртаза осы жолы қайырымдылық жасаймын деп шешкен. Ол Алматы көшелеріндегі бірнеше кездейсоқ адамның кредитін жауып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Танымал TikTok-шының жолай кездескен адамдардың кредитін жауып беріп жүрген видеосы Instagram-да мыңдаған қаралым жинаған. Видеоны көрген оқырмандар блогердің әрекетіне тәнті екенін білдірген. "Жыламай көру мүмкін емес", "Экранның арғы жағынан бағы бар адамдардың шын қуанғанын сезіп отырмын" деп жазды олар пікірге.

Нұрбек Нұртаза қайырымдылықты қасиетті Рамазан айына орайластырып жасағанын айтады. Оның сөзінше, мұндай нәрсені әлі ешкім істемеген.

"Жолымызда кезіккен кездейсоқ адамдардың кредитін жауып береміз. Көбіне балалы әйелдерге, жасы үлкен қарияларға, көшеде сауда жасап отырған адамдарға баса мән береміз деп шештік. Жастар өз-өздерін асырай алады деп ойлаймын", - дейді жігіт.

Кадрдан блогердің көшедегі адамдарға кезекпен: "Кредитіңіз бар ма?" деген сұрақ қойғанын көруге болады. Жолаушының банк алдында қарызы барын біле сала, блогер оған қажетті соманы беруге дайын екенін білдірген. Қала тұрғындары бастапқыда абдырап қалып жатыр, тіпті оның сөзіне сенбеген тұрғындар да болған.

Видеода Нұрбек Нұртаза көше тазалығын қадағалайтын жұмысшы әйелдің 199 394 теңге кредитін жауып бергені көрсетілген. Көше сыпырушы қуаныштан айтарға сөз таппай қалды. Сондай-ақ , блогер көшеде өзін танып сәлем берген күзетші жігіттің кредитін толық төлеп тастады. Айтуынша, күзетшінің әйелі тиктокердің көрермені екен. Нұрбек Нұртаза өзінен бірнеше рет көмек сұрап жазған оқырманын да назардан тыс қалдырмады. Ол екі көзі нашар көретін қала тұрғынының үйіне әдейі келіп, 265 мың теңге кредит қалдығын жауып берді.

Еске сала кетсек, 2020 жылы қараша айында әлеуметтік желіде блогердің полицей формасын киіп алып, жаяу жүргіншілерді биге шақырған видеосы таралған еді. Желтоқсанда Нұрбек Нұртаза полицей киімін киіп билегені үшін жазаланатыны туралы белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912571-kosedegi-kezdeisoq-adamdardyn-kreditin-zauyp-bergen-almatylyq-bloger-eldi-tanti-etti-video/