RU

Экс-банкир Жомарт Ертаевтың жазасы жеңілдетілді

Жомарт Ертаев
Фото: ru.wikipedia.org

Бұрынғы банкир Жомарт Ертаевтың жазасы тоғыз жылға ауыстырылды. Бұған дейін бірінші сатыдағы сот оны мүлкін тәркілеумен 11 жылға бас бостандығынан айырған болатын деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Алматы қалалық сотының апелляция алқасы экс-банкир Жомарт Ертаев пен басқа да сотталушыларға қатысты істі қарады.

Апелляция алқасының қаулысымен аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны және жалған құжаттар дайындағаны үшін кінәлі деп танылған Жомарт Ертаев енді түрмеде 11 жыл емес, тоғыз жыл отыруға тиіс.

Ведомство мәліметінше, сот үкімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалады.

Qazaq banki-нің бұрынғы акционері Бақыт Ибрагимге қатысты да сот үкімі шықты. Сегіз жылға бас бостандығынан айыру түрінде бұрын тағайындалған жаза жеті жылға дейін төмендетілген.

Ал Bank RBK басқармасының экс-төрағасы, бұрын сегіз жылға бас бостандығынан айырылған Игорь Мажиновты жеті жылға соттап, мүлкін тәркілеген.

13 сотталушы келтірілген залалды өтеген. Оның ішінде Мажинов келтірілген залалды толық көлемде (4,9 миллиард теңге) өтеген. Ертаев пен Ибрагим кінәсін мойындап, тергеу жұмыстарына көмектескен. Олар келтірілген залалды ішінара өтеген.

Апелляция алқасы 13 сотталушыға қатысты соңғы үкімді өзгертті. Аталған үшеуінен басқасына қатысты нақты бас бостандығынан айыру жазасы шартты түрге алмастырылып, қамаудан босатылған.

Еске салсақ, бұған дейін біз оңтүстік астанада бұрынғы қазақстандық банкир Жомарт Ертаев басты күдікті ретінде қаралып жатқан қылмыстық іске қатысты сот басталғанын жазған едік.

Кейін Жомарт Ертаевтың 11 жылға бас бостандығынан айырылғаны анықталды. Бұрынғы банкир Bank RBK иелігіндегі 144 млрд теңгені ұрлау ісінде кінәлі деп танылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912580-eks-bankir-zomart-ertaevtyn-zazasy-zenildetildi/