Министр күзде кімнің жалақысы өсуі мүмкін екенін айтты
Опубликовано:

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Биыл күзде мәдениет саласындағы қызметкерлердің жалақысы көтерілуі мүмкін екенін айтты деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл туралы Ақтоты Райымқұлова халыққа есеп беру кездесуінің қорытындысы бойынша брифингте мәлімдеді.
Оның сөзінше, мәдениет саласының, әсіресе, облыстық мәдениет мекемелері, музей мен кітапхана қызметкерлерінің жалақысы соңғы он екі жылда өспеген.
"2020 жылы қаңтарда республикалық мәдениет, мұрағат ұйымдарында жалақы 50%-ке, жергілікті деңгейдегі ұйымдарда 35%-ке ұлғайды. Биыл айлықты кезекті рет өсіру бойынша жұмыс атқарылды", - деді мәдениет және спорт министрі.
Ведомство еңбекақыны арттыруға қатысты республикалық бюджет комиссиясына өтінім берген.
Ақтоты Райымқұлова пандемиямен байланысты ахуал жақсаруына байланысты үкімет өтінімді қолдайды деп үміттенеді.
"Жалпы үкімет мәдениет ұйымдары мен мұрағаттарда істейтін барлық деңгейдегі қызметкердің жалақысын өсіру туралы бастамамызды қолдап отыр. Күзде еңбекақы көтеріледі деген ойдамын", - деді министр.
Ол биыл екі театр академиялық мәртебе, ал бес ұйым ұлттық мәдени нысан атағын алғанын еске салды. Айтуынша, осы мәртебенің арқасында бұл ұйым жұмысшыларының жалақысы артады.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова пара алды деп айыпталған орынбасарының кінәсі дәлелденсе, отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912586-ministr-kuzde-kimnin-zalaqysy-osui-mumkin-ekenin-aitty/