RU

Грузияда көз жұмған бойжеткеннің ісі: Қазақстандыққа айып тағылды

Фото
Фото: Instagram / assel_ayt

Грузия прокуратурасы қазақстандық Әсел Айтбаеваны екі мәрте зорлау дерегі бойынша Қазақстан азаматына сырттай айып тақты деп хабарлайды "Хабар 24".

Күдікті марқұмның алыс туысы боп келеді. Оның бұл іске қатысы барын осыған дейін Әселдің анасы мен әпкесі де айтқан болатын. Кей мәліметтерге сенсек, ер адам біздің елімізде болуы ықтимал.

Грузияның ішкі істер министрілігінің мәліметі бойынша ол 6 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Одан бөлек, осы іске қатысты зорлау және өзін-өзі өлтіру халіне жеткізу деректері бойынша Грузия азаматына да айып тағылған. Ол 8 жылдан 10 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Бүгінде екінші күдікті қамауға алынған.

Еске салсақ, Әсел Айтбаева 5 мамырға қараған түні Грузия астанасында белгісіз жағдайда көз жұмған еді. Ол 9-қабаттың терезесінен құлап кеткен. Марқұмның денесі ол тұрып жатқан үйдің жанындағы құрылыс алаңынан табылған.

Сол түні Әселдің құрбысына аудиожазба жібергені белгілі. Онда марқұмға белгісіз ер адамның зәбір көрсетемін деп қорқытқаны жазылған. Қазір бұл іске қатысты тергеу жалғасып жатыр.

Айта кетсек, бұған дейін Грузияда жұмбақ жағдайда көз жұмған қазақстандық Әсел Айтбаеваның өлімі туралы тың деректер шыққанын жазған едік. Оның қазасына кінәсі бар деген күдікке ілінген Бесик Тордуаның тергеушілерге не дегені БАҚ беттерінде жарық көрген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912658-gruziyada-koz-zumgan-boizetkennin-isi-qazaqstandyqqa-aiyp-tagyldy/