RU

Даниал Ахметов Риддердегі өрттен зардап шеккендерге тұрғын үй мәселесін күзге дейін шешуге уәде берді

Даниал Ахметов
Даниал Ахметов. Фото: facebook.com/AkhmetovDanialkz

Өртте жанып кеткен тұрғын үйдің орнына жаңа тұрғын үй салумен айналысатын мердігерлердің өкілдерімен кездесуде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өрттен зардап шеккендер күзге дейін қоныстануы керек деді.

Облыс әкімі компанияларға ұсынылған жобалық шешімдер үшін, сондай-ақ құрылыстың уақытылы және тиімді басталғаны үшін алғыс айтты деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Олардың әрқайсысы алдарында тұрған жоғары әлеуметтік жауапкершілікті сезінетіндеріне және өңіріміз үшін маңызды миссияны нақты жүзеге асыруға барлық күш-жігері мен кәсіби тәжірибелерін жұмсайтындарына сенімдімін. Халыққа берілген уәденің бәрі орындалады. Бұл жұмыс ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ерекше бақылауында екенін атап өткім келеді. Тұрғындар күзге дейін тұрмысын орнықтыру үшін үйлердің құрылыс мерзімін қысқартуға тырысамыз", – деп хабарлады Ахметов.

Сондай-ақ, ол мұнда үлкен, сапалы үйлері мен кең, жарық көшелері бар бар әдемі және заманауи шағын аудан пайда болатынын баса айтты.

"Келесі аптада келісім жасалғаннан кейін жол төсемінің негізін дайындау жұмыстарына кіріседі. Үйлермен қатар бірден жол салып, жарықтандыру жүргізіп, аумақты, соның ішінде балалар мен спорт алаңдарын абаттандырамыз", – деді облыс әкімі.

Ол сонымен қатар риддерліктермен келесі кездесу 24 мамырда болатынын, мердігерлер құрылыс жұмыстарының барысы туралы есеп беретінін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912714-danial-axmetov-ridderdegi-ortten-zardap-sekkenderge-turgyn-ui-maselesin-kuzge-deiin-sesuge-uade-berdi/