RU

Әсел Айтпаеваның жұмбақ өлімі: Қазақстан Грузияға тергеу тобын жібереді

Фото
Фото: Instagram / assel_ayt

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз брифингте Қазақстан Грузияда отандасымыздың өліміне байланысты жедел тергеу тобын жіберетінін мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Ресми өкілдің айтуынша, жақында халықаралық келісімдерге сәйкес, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Сыртқы істер министрлігінің үйлестіруімен ішкі істер министрлігі Грузияға жедел тергеу тобын жібермек.

Оның міндеті - орын алған қайғылы жайттың барлық мән-жайын зерделеу және грузин тарапымен сотқа дейінгі тергеу материалдары бойынша ақпарат алмасу.

Нұрділдә Ораз Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті Грузияда қаза тапқан Қазақстан азаматшасы Әсел Айтпаеваның ата-анасының шағымымен азмат М.Мейірбековке қатысты Қылмыстық кодекстің 128-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастағанын сөз етті.

"Күдікті ұсталып, Нұр-Сұлтан қалалық ПД уақытша оқшаулағышына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр", - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 5 мамырда 26 жастағы қазақстандық Әсел Айтпаева Тбилисидегі үйлердің бірінің терезесі маңынан өлі күйінде табылған еді.

Кейінірек Грузияның 57 жастағы азаматы қамауға алынды. Елдің бас прокуратурасы оған қызды зорлап, өзін-өзі өлтіруге итермеледі деген айып таққан. Егер оның кінәсі дәлелденсе, онда ол алдағы 10 жылын колонияда өткізуі мүмкін.

Желіде марқұм мен күдіктінің арасындағы сөйлесудің жазбасы пайда болды. Жазбада ер адамның қызға қоқан-лоққы көрсетіп жатқанын естуге болады.

Дегенмен күдіктінің қорғаушысы бұл айыптаулармен келіспейтінін айтып, мәлімдеме жасады. Адвокат Лаша Шукакидзенің сөзінше, күдікті марқұммен жақсы қарым-қатынаста болған. Тіпті ол екеуінің үйленбек болғанын да айтқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912835-asel-aitpaevanyn-zumbaq-olimi-qazaqstan-gurziyaga-tergeu-tobyn-ziberedi/