RU

Дәрігерге тіл тигізген Алматы тұрғыны қамауға алынды

Кісен
Көрнекі фото: piqsels.com

Алматыда №7 клиникалық ауруханада күзетшіні соққыға жығып, дәрігерді балағаттаған 36 жастағы тұрғын қамауға алынды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқыс оқиға 8 мамыр күні №7 қалалық клиникалық ауруханада болды. Алматы тұрғыны күзетшінің мұрнын сындырып, қабылдау бөлімінің хирург дәрігеріне тіл тигізді.

№7 қалалық клиникалық аурухананың баспасөз қызметі мәлім еткендей, ер адам ауруханаға түскен әйеліне ерекше қарауларын талап етті.

Қоғамдық орында және қызметтік міндеттерін атқару кезінде ар-намыс пен абыройын қорлағаны үшін дәрігер полицияға шағым түсірді.

Сот отырысынд ер адам кінәсін мойындап, құқық бұзушылық фактісін растады. Ол істеген ісіне өкініп, соттан қатаң жазаламауды сұрады.

Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты әкімшілік кодекстің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тану туралы шешім қабылдады.

Сот оны 5 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы қаулы шығарды.

Еске салсақ, Алматы облысында жедел жәрдем қызметкерлері таяққа жығылған болатын. Түн ортасында шақыртуға жеткен фельдшерді науқастың туысы жедел жәрдем көлігінің ішінде соққыға жығып, қолын сындырған.

Ал ұрыс бір бөтелке сыра үшін шыққан. Үйінен мас болып шыққан ер адам қалтасына тағы бір бөтелке салып алған екен. Содан онысын жедел жәрдем көлігінің ішінде ішпек болған. Ал фельдшер жедел жәрдем көлігінің ішінде ішуге болмайтынын ескертсе керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912931-darigerge-til-tigizgen-almaty-turgyny-qamauga-alyndy/