RU

ШҚО-да жоғалып кеткен үш жасар екі баланың мәйіті табылды

Сәби
Көрнекі сурет: pixabay.com

Шығыс Қазақстан облысының Елтай ауылында жоғалған үш жасар екі баланың мәйіті үй маңындағы арықтан табылды деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Sputnik Қазақстан.

Қайғылы оқиға 17 мамыр күні түстен кейін болған.

"Шағым түскен сәттен бастап учаскелік полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Оған жергілікті тұрғындар мен құтқарушылар да қатысты. Балалардың денесі үйден 350 метр қашықтағы бақша дақылдарын суаруға арналған арықтан табылды", – деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Балалардың қазасына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі кезде өлімнің себеп-салдарын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалған. Соның нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданатын болады.

Жергілікті полиция департаментінің мамандары тұрғындарды су айдындарында сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.

Еске салсақ, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында жантүршігерлік жол апатынан төрт адам көз жұмғанын, қаза тапқандар арасында екі бала барын жазған едік.

Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, жол апаты 15 мамырда, күндізгі сағат бірлер шамасында Өскемен-Алтай тас жолында болған. 37 жастағы VOLVO жүк көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көліктің шұңқырға аударылып кетуіне жол берген делінген полиция хабарламасында.

Аударылу салдарынан жүк көлігі өртеніп кеткені белгілі болып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912958-sqo-da-zogalyp-ketken-us-zasar-eki-balanyn-maiiti-tabyldy/