Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ШҚО-да қымыздан балмұздақ дайындап жүрген азамат кәсібінің сырын ашты (фото)

Опубликовано:

Фото
Фото: KAZ.NUR.KZ

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының тұрғыны Берік Рахметқалиев мамандығы бойынша байланыс саласының қызметкері болса да, 10 жылдан астам уақыт бойы кәсіппен айналысып жүр. Ұлттық өнім шығаруды көздеген ол бүгінде өңірге танымал балмұздақтарды шығару ісін қолға алған. Бір қызығы, Беріктің балмұздақтары жылқы сүтінен жасалған деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

37 жастағы кәсіпкердің сөзінше, ол бұл кәсіпке дейін де бизнестің бірнеше түрін дөңгелетіп көрген.

"Маған жанымда жүрген таныстарым мен достарымның көбісі ұлттық өнім шығарайық деп қолқа салды. Оның алдында Моңғолияда қымыздан ірімшік сияқты тәттіні жасайтынын естіген едік. Сөйтіп жүргенде Семейде Айдын Серікқазин деген азаматтың осы өнімді патенттеп, шығарып жүргенін білдік. Осылайша Айдынмен кездесіп, өнімнің жасалу технологиясын сатып алып, былтыр карантиннен кейін, тамыз айынан бастап балмұздақты әзірлеп, сатылымға шығара бастадық", - дейді ол.

Беріктің айтуынша, бүгінде өндірісте қымыздан, саумал мен қымыз-шоколадтан жасалатын балмұздақтың үш түрі бар екен. Сол сияқты балаларға арналған, қышқыл қымызды көп ұната бермейтін адамдарға арналған кока-кола, жеміс-жидек дәмі мен кеңестік пломбирге ұқсайтын түрлері бар көрінеді.

"Бастапқы үшеуін франшиза ретінде сатып алсақ, қалғанын өзіміз ойлап таптық. Жалпы балмұздақ жасауда Италия елі алда тұрғандықтан, солардың да балмұздақ әзірлеу технологияларын зерттеп көрдік.

Сосын қымыздан балмұздақ жасаудың тағы бір ерекшелігі оны сүт сияқты жылыта алмайтынында. Ол тұсын да шешуге тырыстық.

Бұл кәсіпті дамытуымның тағы бір себебі – халықтың қолдауы, балмұздақтарға сұраныстың бар болуы болып отыр.

Кейде тіпті ауылдан келген үлкен адамдар 300 теңге тұратын балмұздаққа 500 теңге беріп жатады, неге олай істедіңіз десек, өзіміздің отандық, ұлттық өнімге қолдау болсын дейді. Сол сияқты қазір бір мейрамханаға қазақ шайының дәмі бар балмұздақты да жеткізіп отырмыз", - деп кәсіптің мән-жайын түсіндірді Берік.

Ұлттық өнімді қолдаушы кәсіпкер балмұздақты өзі немесе жары даярлайтынын да атап өтті. Ал ұлттық десертке қажет қымызды жергілікті шаруа қожалықтарынан 1 литрін 1500 теңгеден сатып алады екен.

"Әзірге күніне 5-6 келі балмұздақ сатып жүрміз. Бұл шамамен 50-100 балмұздақ деген сөз. Мұндай көлемдегі өнімге шамамен 3 литрдей қымыз керек. Ал балмұздаққа қажет стакандар мен басқа да заттарды Алматыдан алдырамыз. Жалпы кәсіп өз-өзін ақтап отыр деп айта аламын. Бізге бастысы халықтың қолдауы, одан артық ештеңе керек жоқ.

Ал кәсіп бастаудағы кедергілерге келер болсақ, өзім талай жыл бизнестің басы-қасында жүргендіктен ондайдың талайын көрдік. Кейде өнімді сататын саудагерлер болмай жатады, кейде тағы басқа жағдайдар. Оның бәріне көнуге тура келеді. Еңбек еткен адамға оның бәрі тек болмашы кедергілер деп білемін", - дейді кәсіпкер.

Қазіргі таңда Берік Рахметқалиев қымыздан әзірленген балмұздақтарды Өскемендегі сауда орталықтарының бірінде сатып отыр. Болашақта ол кәсібін одан ары дамытып, ұлттық өнімді республика көлемінде танытуды көздеп отыр.

"Көпшілік ешкі, түйе сүтінен балмұздақ жасауды қолға алмайсың ба деп жатады. Бізде ешкі сүті мен шұбатты білгенімен, оның дәмі қандай болатынын, ал одан жасалатын өнім қалай болатынын көбі біле бермейді. Мәселен тек шығыстың өзінде Қатон-Қарағай, Саржалдың қымызы деген брэнд бар.

Демек қымыздан жасалған өнімге де сұраныс болады. Бізге бастысы халықтың қолдауы болып отыр. Өнім сұранысқа ие болып отырғандықтан, оны одан ары дамыту өз қолымызда", - деп әңгімесін аяқтады кәсіпкер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1913093-sqo-da-qymyzdan-balmuzdaq-daiyndap-zurgen-kasipker-turaly-bilesiz-be-foto/

pixel