Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шөкеевтің орынбасарына қатысты "антикор" жауап берді

Опубликовано:

Фото
Фото: inbusiness.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиевтің қылмыстық іс бойынша ведомствоға шақырылғанын растады деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "парамен ұсталып, қылмыстық іс қозғалды" деп ақпарат тараған шенеунік Мейіржан Мырзалиевке қатысты ресми пікір білдірді.

"Әлеуметтік желілерде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мырзалиевтің ұсталғаны туралы таратылған ақпаратқа қатысты келесіні хабарлаймыз.

Мырзалиев ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өндірісіндегі қылмыстық іс бойынша қорғалуға құқығы бар куәгер ретінде шақырылды.

Ол күдікті ретінде танылған жоқ, оған қатысты бұлтартпау шарасы таңдалмады.

Өзге ақпарат ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне сай жарияланбайды", -делінген агенттік мәліметінде.

Еске салсақ, бұған дейін бірқатар телеграм каналдарда Өмірзақ Шөкеевтің орынбасары парамен ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Кейінірек облыс әкімдігі шенеуніктің еңбекке жарамсыз екенін мәлімдеді.

"Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мырзалиев Мейіржан Иябайұлы ресми түрде уақытша еңбекке жарамсыз. Ол "гипертониялық криз" диагнозымен облыстық ауруханалардың бірінде", - деп түсіндірді баспасөз қызметі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1913140-sokeevtin-orynbasaryna-qatysty-antikor-zauap-berdi/

pixel