RU

Созылмалы ауруы барларға қандай вакцина салдырған дұрыс: Отандық ғалым жауабы

Вакцина салу
Көрнекі сурет: pexels.com

"Генетика және физиология институты" РМК бас директоры, профессор Лейла Болатқызы Жансүгірова Қазақстан азаматтары үшін қолжетімді вакциналардың ерекшелігі жайында айтып берді деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинациялау науқаны басталғанда, халық пікірі (салдыру және салдырмау) екіге жарылды.

"Вакцинацияның баяу қарқыны, ең алдымен, оған деген көзқарастың бұрмалануымен, әлеуметтік желілерде вакцинация туралы қорқынышты оқиғалардың жаппай таралуымен және халықтың сауатымен байланысты. Айта кету керек, вакцина өндірісі және оларды тексеру – ұзақ жылдарға созылатын процесс. Алайда, коронавирус инфекциясының тез таралуына байланысты вакциналарды тіркеу және клиникалық сынақтан өткізу көп елде жедел қолға алынды. Бұл коронавирус вакцинасына деген сенімсіздікті күшейтеді. Өйткені, адамдар бір жағынан өздерін инфекциядан қорғағысы келсе, екінші жағынан вакцинаның жанама әсерлерінен қорқады. Адамдар қысқа мерзімде әзірлеген вакциналардың жеткілікті дәрежеде қауіпсіз екендігіне алаңдайды", - деп, биолог адамдардың алаңдауы табиғи құбылыс екенін түсіндірді.

Сонымен ақат, профессор отандық QazVac вакцинасына да бағасын берді.

"Отандық вакцина туралы айтатын болсақ, ол Луи Пастер заманынан бері белгілі дәстүрлі технология бойынша жасалған. QazVac  – белсенділігі жойылған вакцина, яғни өлтірілген вирустық бөлшек негізінде жасалған. Белсенді емес вакциналар қауіпсіз, бірақ олар, мысалы, векторлық вакциналарға (Спутник-V, AstraZeneca) немесе РНҚ вакциналарына (Pfizer және BioNTech) қарағанда аз иммундық реакция тудырады. Құрамы күрделі болғандықтан, белсенділігі жойылған вакциналар (Sinovac, QazVac) науқастар арасында айтарлықтай өзгеріп тұратын, болжанбайтын иммундық реакцияны тудыруы мүмкін", - дейді ол.

Лейла Жансүгірова вакцина салдырған адам да инфекция жұқтыруы мүмкін екенін жасырмады. Алайда, оның сөзінше, вакцина салдырған адам үшін ауру жеңіл түрде өтеді екен. 

"Бұл жоғары жұқпалы вирусқа қарсы қорғаныс болуы керек. Вакцина қабылдаған адам да екпе салдырмаған жандар сияқты ауырып қалуы, жұқтыруы мүмкін. Алайда, вакцинацияланған адамның ауруы жеңіл түрде өтеді.

Мен аллергиясы немесе қант диабеті, гипертония, созылмалы бронхит, бронх демікпесі бар көптеген адамның вакцинациядан қорқатынын білемін. Бірақ дәл осындай аурулары бар тұрғындар мен қарт адамдар қайта вакцинаны қорықпай салдыруы қажет. Өйткені дәл осы санаттағы адамдарда COVID-19 күрделі жағдай тудыруы, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Созылмалы аурулары бар тұрғындарға белсенді емес вакцина салуды ұсынамын. Мәселен, олар – Қазақстанда қолжетімді Hayat-Vax және QazVac вакциналары. Олардың әсері "Спутник V"-ға қарағанда жеңіл. Белсенді емес вакциналарды қолданған кезде жасушалық иммунитетке арналған жад өте жақсы болады", - дейді маман.

Айта кетейік, әлемде коронавирусқа қарсы 230-дан астам вакцина жасалды. Соның ішінде Қазақстан азаматтарына үш түрлі вакцина қолжетімді: QazVaс, "Спутник V" және 6 мамырдан бастап Hayat-Vax.  

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1913243-sozylmaly-auruy-barlarga-qandai-vakcina-saldyrgan-durys-otandyq-galym-zauap-berdi/