RU

Алматы әуежайына Ashyq арқылы кіру: жолаушылар рейске қалай отырады

әуежай11
Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

21 мамырдан бастап азаматтар Алматы халықаралық әуежайына тек Ashyq қосымшасы арқылы кіре алады. Әуежайдың баспасөз қызметі смартфондары жоқ және шетелдік азаматтарды қалай тексеретіні туралы айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Алматы халықаралық әуежайының баспасөз хатшысы Наталья Соколова 16 мамырдан бастап әуежайдағы Ashyq өткізу жүйесі алгоритмді пысықтау мақсатында тестілік режимде қолданылып жатқанын айтты. Осы уақыт ішінде келушілердің 24-і "қызыл" және 15-і "сары" мәртебелерімен анықталды.

"Әдетте, жолаушылар әуежайға дайындықпен келеді. Олар Ashyq қосымшасын жүктеп алады және егер "қызыл" немесе "сары" мәртебе анықталса, ғимаратқа кіре алмайтынын біледі.

Бұл жағдайда билетті қайтаруға қатысты барлық сұрақтар әуе компаниясымен шешілуі керек. Әзірге біз әуежайдан кетуге мәжбүр болған келушілер тарапынан түсінбеушілік жағдайларын кездестірген жоқпыз", – деді Наталья Соколова.

Соколованың айтуынша, кнопкалы ұялы телефондарын қолданатын келушілер смартфонының жоқтығына алаңдамауы керек. Ең бастысы – жеке куәлігі болу. ЖСН Ashyq жүйесі арқылы сканерленеді және адамның мәртебесі анықталады.

Алматы халықаралық әуежайынан ұшып кететін шетелдік азаматтарға келетін болсақ, олардың мәртебесі паспортының нөмірін қолдана отырып, Ashyq жүйесі арқылы тексеріледі.

Егер шетелдік азамат Қазақстанға келіп, біздің елден ұшып кетуге ниетті болса, демек, оның қолында ПТР тестінің нәтижесі болуы керек. Бұл оның Ashyq жүйесіне енгізілгенін білдіреді.

Қазіргі уақытта, жүйе істен шыққан кезде немесе қосымшада ақау болған жағдайларда ғимаратқа билеттері бар жолаушылар жіберіледі. Болашақта әзірлеушілер жүйенің үздіксіз жұмыс істеуіне уәде береді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1913510-almaty-auezaiyna-ashyq-arqyly-kiru-zolausylar-reiske-qalai-otyrady/