Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жылына 2 млн табамын": Тапсырысқа жыр жазатын мұғалім қалай танымал болды

Опубликовано:

Әйгерім Исламова
Әйгерім Исламова: жеке мұрағат

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әйгерім Исламова әлеуметтік желі арқылы жылына миллиондап табыс тауып отырған жан. Ол көпшілікке қолжетімді Instagram желісі арқылы тапсырысқа өлең қабылдап, түрлі тойға тілектер жазып, жақынынан айырылған адамдарға естеліктер арнап береді. Шабытты, талғамды әрі үйлесім мен ұйқасты талап ететін жыр жазуды бала күнінен серік қылған ол өз ісінен рахат табатынын да жасырмайды. KAZ.NUR.KZ қарапайым мұғаліммен тілдесіп, өлеңді кәсіп қылудағы басты қағидаттарын сұраған болатын.

Әйгерім Тоқтаржанқызы Алматы облысы Жаркент қаласында дүниеге келген. Алматыдағы мектептердің бірінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Теміржол саласында жұмыс істейтін өмірлік жарымен бірге үш ұл тәрбиелеп отыр.

«Алғаш рет 11 жасымда өлең шығара бастадым. Балаң жырларыммен түрлі мүшәйраларға қатысып жүретінмін. Ең алғаш рет Ұлы жеңіс күніне арналған мектепаралық байқауға қатыстым. Сол кездегі өлең жолдарым «Ұлы Жеңіс, көп күттірдің, қанша күн...» деп басталатыны есімде. Алғашқы оқырманым анам еді. Ол өз батасын берді. Негізі, бұл қасиет нағашы атамнан дарығандай, себебі ол қырық бес жылдық еңбек өтілі бар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі және шабыт келгенінде қалам тербейтін сәттері болғандығын анам айтып жүр. Бүгінде сапалы аудиториям және белгілі тақырыбы бар блогым бар», - дейді Әйгерім.

Ағайын-туыс пен таныстарына өлеңді тегін шығаратын Әйгерім тапсырыс қабылдауды 2017 жылдан бастаған. Бұған дейін ол өз бойындағы қабілетінен кәсіп жасауға болатынын көп ескермегенін айтады.

«Бұл идея бірден келді деп айта алмаймын. Себебі туған-туыстарға, таныстарға өлең жазып жүргеніммен арнайы тапсырысқа жазу шешіміне бел шешіп кірісе алмадым. Тек 2017 жылы танымал компанияның 25 жылдығына арналған өлеңге алғашқы тапсырыс келіп түсті. Оны инстаграмда мен қатысқан «ИнстаАна-2018» байқауының оқырманы берді. 4 шумақтан тұратын өлеңге мың бірлік (әлде мың бес жүз бірлік, нақты есімде жоқ) төледі. Тапсырыс берушіге еңбегімді өзіңіз бағалаңыз дегенмін. Міне, сол 2017 жылдан бастап тапсырысқа өлең шығару идеясы жанданды.
Өлең – үйлесімділік пен ырғақты, буын сәйкестігі мен мағынаны тұтастыратын арна. Осы бағытты бастапқыда хоббиім ретінде қалыптастырдым. Өлең шығару арқылы табыс табуды 2017 жылдың аяғынан бастап қолға алдым. Парақшаның визуалы, оқырманмен қарым-қатынас, пост жазу сынды түрлі курстарға қатысып, өлең шығару қызметін тиімді ұсыну үшін тынбай еңбектендім. Күніне, шамамен, 2-3 тапсырыс түседі. Бұған пандемияның әсері де бар. Бұрын 11-12 тапсырысқа дейін жазатынмын.
Тапсырыс берушілердің дені Батыс Қазақстан өңірінде. Жалпы осы аймаққа саяхаттағым келеді, себебі, өлең шығару барысында түрлі салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа арнайы жаздыртып, қызығушылығымды тудырғаны рас. Мысалы, «Сандықашарға» тілек, өзім жиі жазып жүрген қыз ұзатудағы «Алғыс өлең», тұсаукесер тойына баланың әр айдағы көрсеткіш өлеңі т.б. осы батыс өңірден тапсырыс берушілердің жемісі деуіме толық негіз бар», - дейді ақын.

Әйгерімнің айтуынша, тапсырыстың дені тойға тілек, еске алу, құттықтау, арнау, таныстыру, құлпытастарға жазылатын өлең, тойларда айтылатын ән сөзі т.б. болып келеді.

«Негізі, барлық бағытта өлең жаза беремін, сонымен қатар эссе, мақалаға да тапсырыстар жиі түседі. Осы уақытқа дейін қатты қиындық тудырған тапсырыстар болмады, дегенмен ең ұзақ тапсырыс ретінде 35 шумақтық ұстазға арнау біраз әбігерге салғаны рас. Еске алу мен жоқтауды қиындық тудыратын емес, жазуға ауыр жанр деп атағым келеді, себебі қайғы-мұңды өн бойыңнан өткізіп барып, өлеңмен өре білу керек», - дейді ол.

Желідегі танымал ақын әр өлеңінің бағасын айтудан бас тартты. Көпшіліктің жиі тапсырыс бергеніне қарап, өлең құнының қолжетімді екенін байқауға болады.

«Өлең құны жазылатын өлеңнің көлеміне байланысты болады. Тапсырысқа мен қара өлең және әнге мәтін жазамын. Осы бағытта да баға айырмашылығы бар. Нақты бағасын айтпай-ақ қояйын (күліп), дегенмен қарапайым халық тапсырыс беріп жатқандықтан қолжетімді бағада. Ал инстаграмдағы парақшамды дамытқалы бері өлең шығару арқылы жылына 1,5-2 млн аралығында табыс табамын, Аллаға шүкір. Бұл құпия емес. Менің негізгі мамандығыммен жұмыс істейтінімді де ұмытпаңыздар.
Алматы қаласындағы мектептердің бірінде қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімімін. Декреттік демалыстан жұмысқа шыққаныма биыл екінші жыл. Дегенмен желідегі жұмысым негізгі жұмысқа еш кедергісін келтірмейді. Бәрі уақытты жоспарлауға байланысты деп ойлаймын. Мұғалімдік қызметте де жетістіктерім жоқ емес: Алматы қалалық «Цифрлы ғасыр педагогы» байқауынан 1-орын иегерімін, түрлі кәсіби-шығармашылық байқаулардың жүлдегерімін, шәкірттерім де түрлі сайыстардың жеңімпазы. Мені шәкірттерім мұғалімі ретінде қабылдайды, ал оқырманым блогер ретінде біледі. Сондықтан мұғалім де, блогер де – өзім. Екі саланың бір-біріне еш кедергісі жоқ»,- дейді ақын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1913538-zylyna-2-mln-tabamyn-tapsyrysqa-zyr-zazatyn-mugalim-qalai-tanymal-boldy/

pixel