jitsu gif
Оқыс оқиға

    Жұмыс уақытында ұялы телефонмен ойын ойнап отырған полицейлер елдің ашуын келтірді

    Кадр
    Видеодан кадр: instagram.com/aitelenovnurali

    Әлеуметтік желіде полиция бөлімінде ұялы телефонмен ойын ойнап отырған тәртіп сақшыларының видеосы тарады. Роликті қоғам белсендісі әрі блогер Нұрәлі Айтеленов Instagram-дағы парақшасында жария етті. Бұған қатысты Алматы қаласының полиция департаменті де пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі

    Блогердің айтуынша, видео 20 мамыр күні түнде түсірілген. Кадрға Жетісу аудандық полициясының 21 модульдік пунктінің учаскелік инспекторлары ілінген.

    Ролик авторы сол сәтте кезекшілікте болған тәртіп сақшылары PlayerUnknown’s Battlegrounds онлайн ойынын ойнағанын жеткізді.

    Белсенді бұл әрекетке ашуланғанын жасырған жоқ. Ол "қызмет барысында жұмысқа қатысы жоқ іспен айналысып отырған құқық қорғау саласының мамандары көпшіліктен кешірім сұрау керек" деген пікірде.

    Сонымен қатар, Айтеленовтың пікірінше, заңнама негізінде тәртіп сақшыларына жұмыста бөгде істермен айналысуға тыйым салу қажет.

    "Егер жұмыс барысында жеке смартфондарын қолдана беретін болса, тәртіп сақшыларына Samsung Tab Active мобильді планшеттері не үшін қажет? Қоғамдық тәртіпті сақтаудың орнына олар "жеке істерімен" айналысуда. Полиция қызметкерлерінің арасында фильм көріп, әлеуметтік желіде отырғандары да болғаны айтылды", - деп жазды Айтеленов.

    Алматы қалалық полициясы департаменті басшысының орынбасары Рустам Абдрахманов видеоға қатысты өз ойын білдірді.

    "Ақпарат үшін рахмет! Бүгін қызметкерлерімізге қатысты қызметтік тергеу жүргіземіз. Қабылданған шаралар туралы қосымша хабарлайтын боламын", - деді Абдрахманов.

    Сонымен қатар, ведомство бұл іс бойынша қызметтік тергеу басталғанын хабарлады.

    Ескерту! Видеода бейәдеп сөздер бар!

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.