RU

Ес-түссіз күйде болды: Қызылордада полицейлер өртенген үйден адамдарды құтқарды

Өрт
Кадр: polisia.kz

Қызылорда полицейлері өртенген үйден тұрғындарды құтқарды деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылордада тәртіп сақшылары өрт шығып жатқан үйден тұрғындарды құтқарды. Ақмешіт мөлтек ауданы №2 үйдің екінші қабатында өрт шыққан. Төтенше жағдай қызметіне дереу хабар берген жергілікті полиция қызметі бөлімі патрульдік полиция батальонының жаяу бағыттағы қызметкерлері Талғат Шалқарбаев, Ержан Анапияев пен Бектұр Сатенов тұрғындарды шұғыл құтқаруға кірісті.

Тәртіп сақшысы Талғат Шалқарбаев өрт көрші пәтерлерге таралып кетпес үшін оны тез сөндіре бастайды. Полицейлер шұғыл шешім қабылдап, көршілес пәтердің есігін ешкім ашпағандықтан, оны күш қолданып ашады. Пәтерден 54 жастағы азаматша құтқарылды. Олар ес-түссіз жатқан әйелді арқалап алып шыққан.

Ал екі қызметкер өртке оранған көпқабатты үйдің тұрғындарын, алдымен балаларды, кейін ересектерді сыртқа шығарған.

"Біз өртке оранған жерге келгенде, жалын барынша лаулап жатты. Біз азаматтарды дереу эвакуациялауды ұйғардық. Бірі ұйықтап жатты, бірі өз күшімен шығып жатты. Айнала у-шу, кіреберісте ештеңе көрінбеді, бәрі қою түтінге толған. Біз балаларды көтеріп шығарып, қарттарға көмектестік, көршілерді ояттық және бәрін қауіпсіз жерге шығардық. Біздің орнымызда кез келген тәртіп сақщысы солай жасар еді. Бастысы - адам өмірін құтқару" - деді Бектұр Сатенов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1913779-es-tussiz-kuide-boldy-qyzylordada-policeiler-ortengen-uiden-adamdardy-qutqardy/