RU

Оралда кондиционер орнатып жатқан ер адам тоғызыншы қабаттан құлап кетті

Жедел жәрдем1
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Орал қалалық полиция басқармасының қызметкерлері Оралдағы көпқабатты үйлердің бірінде болған қайғылы жағдайға байланысты тергеуді бастады. Кондиционерді орнату кезінде ер адам биіктен құлап көз жұмған деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оқыс оқиға 22 мамырда сағат 20:00 шамасында Қонаев көшесіндегі үйлердің бірінде болды деп жазады "Мой город" газеті.

Қалалық полиция журналистерге ақпаратты растады.

"Алдын ала ақпарат бойынша марқұм досымен бірге кондиционер орнатып жатқанда құлап кеткен", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, полиция бұл оқиғаға байланысты тергеу басталғанын мәлімдеді.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы ер адамның ауыр жарақат алғанын және жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін оқиға орнында жан тапсырғанын жеткізді.

Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы жағдай биіктікте жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу салдарынан болуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Ақтөбеде төртінші қабаттан құлап кеткен төрт жасар бала жансақтау бөлімінде жатқаны туралы хабарлаған болатынбыз.

Оқыс жағдай 18 мамыр күні сағат 19:20 шамасында Нефтянников көшесіндегі көпқабатты үйде болған.

Төрт жасар бала үйдің төртінші қабатындағы терезеден құлап кеткен.Баланың анасы бес айлық қызына қарап отырған уақытта, оның кәмелетке толмаған баласы абайсызда қонақ бөлмесінің терезесінен құлап кеткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1913917-oralda-kondicioner-ornatyp-zatqan-er-adam-togyzynsy-qabattan-qulap-ketti/