RU

Алматыда Фархат Әбдірайымовты ақтық сапарға шығарып салды

Фото
Фото: Фархад Абдраимовтың жеке парақшасы

Бүгін Алматыда танымал актер Фархат Әбдірайымовты ақтық сапарға шығарып салды. Ол "Кеңсай" зиратына жерленді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Грузияда қайтыс болған Фархат Әбдірайымовтың денесі кеше таңертең арнайы рейспен Алматыға жеткізілген еді. Фархат Әбдірайымовпен қоштасу рәсімі 23 мамырда жабық режимде өтетіні хабарланды.

"Пандемияға байланысты жерлеу рәсімі тек Фархат Әбдірайымовтың туған-туыстары мен жақындарының қатысумен өтетінін жеткізген марқұмның отбасы актердің шығармашылығының табынушылары мен БАҚ өкілдерін осы шешімге түсіністікпен қарауды сұрайды", - деп хабарлады "Қазақфильм" киностудиясы.

Фархат Әбдірайымовты Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының кіреберісіндегі арнайы жабдықталған жерге гүл шоқтарын қою арқылы еске алуға болады.

Айта кетейік, актер әрі продюсер Фархат Әбдірайымов 21 мамырда 55 жасында қайтыс болды. Актердің қазасына инфаркт себеп болған. Ол Грузияда "Больше, чем любовь" фильміне түсіп жатқан.

Осыған дейін актердің достары оның бірнеше жыл бұрын инфаркт алып, жүрегіне ота жасатқанын айтқан еді. Операциядан кейін оған 2 топтағы мүгедектік берілген.

Грузияда дәрігерлер Әбдірайымовтың өмірі үшін бірнеше сағат күрескен, бірақ ол таңғы бесте дүниеден өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1913950-almatyda-farxat-abdiraiymovty-aqtyq-saparga-sygaryp-saldy/