Петропавлда көлік жүргізушісі 17 жастағы бойжеткенді қағып, оқиға орнынан қашып кетті
Опубликовано:

Петропавл қаласында 17 жастағы бойжеткенді жаяу жүргіншілер жолағында жеңіл көлік қағып кетті деп хабарлайды Қазақпарат.
Жәбірленуші Instagram әлеуметтік желісіндегі sko_kz тобында қағып кеткен жүргізушінің тоқтамай, қашып кетуге тырысқанын жазған.
Ал жол апатының куәсі болған ер адам қызды көлігіне отырғызып алып, тәртіп бұзушыны қуып жетеді.
Бұл жағдайға қатысты Петропавл қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді.
Ведомство ұсынған ақпаратқа сәйкес, Lada 21154 маркалы көлік құралының 63 жастағы жүргізушісі кәмелетке толмаған қала тұрғынын қағып кеткен.
Сонымен қатар, зардап шеккен бойжеткеннің ауруханаға жеткізілгені айтылды. Кейіннен медициналық көмек көрсетілгеннен кейін бойжеткен үйіне жіберілген.
"Алынған медициналық қорытындыға сәйкес, жүргізуші мас болмаған. Оған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. Іс процессуалдық шешім қабылдау үшін Петропавлдың әкімшілік полиция бөлімшесіне берілді. Автокөлік мамандандырылған тұраққа қойылды", - деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.
Еске салсақ, бұған дейін Павлодар қаласының орталығында жол апаты болғанын жазған едік. Автобус жүргізушісі көлікті басқара алмай, қарсы жолаққа шығып кеткен. Содан соң жиектастарды бұзып, жарық бағаны мен ақпараттық белгілерді қағып, жарнама тақтасына соғылған.
"Жол-көлік оқиғасы салдарынан 8 адам зардап шекті, оның ішінде екі бала бар – 6 және 15 жаста. Ешқандай ауыр жарақат жоқ. Жарақат алған 7 адам ауруханаға жатқызылды, біреуі бас тартты", – деп хабарлады Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1914019-petropavlda-kolik-zurgizusisi-17-zastagy-boizetkendi-qagyp-oqiga-ornynan-qasyp-ketti/