RU

Көкшетауда екі бірдей студент қыз жоғалып кетті

Студент қыздар
Фото: Facebook / Ақмола облысы ПД

Полицейлер Көкшетауда жоғалып кеткен екі бойжеткенді іздестіруде. Бұл туралы Ақмола облысы полиция департаменті Facebook парақшасында хабарлады.

23 мамыр күні сағат 20.59-да Көкшетау қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне СҚО-ның 21 жастағы тұрғынынан хабарлама келіп түседі. Ол 20 мамыр күні кәмелетке толмаған 2005 жылғы сіңлісі Борзун Елена Александровна 2004 жылғы құрбысы Прозерева Марина Андреевнамен бірге колледж жатақханасынан кеткенін және бүгінгі күнге дейін олардың орналасқан жері белгісіз екендігін айтқан.

Полиция департаменті студент қыздардың бұған дейін де хабарсыз кетіп, кейін тәртіп сақшылары оларды тауып алғанын еске салды.

"Ағымдағы жылдың 19 мамырында аталған жасөспірімдер колледжден қашып, 7 сағаттан кейін туған-туыстарына қайтарылды. Қыздармен профилактикалық әңгіме өткізілді. Кәмелетке толмағандардың орналасқан жерін анықтау мақсатында тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізеді, оның барысында қыздардың барлық таныстары мен жақындары сұралды. Көкшетау қаласының барлық бейнебақылау камералары қаралуда.

Полиция кез келген ақпаратқа ие немесе осы қыздардың орналасқан жерін білетін адамдардан 102 нөміріне қоңырау шалуды сұрайды", - деп жазған Ақмола облысы полиция департаменті Facebook желісіндегі ресми парақшасында.

Полицейлер жоғалған бойжеткендердің суретін де парақшада жария еткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1914175-koksetauda-eki-birdei-student-qyz-zogalyp-ketti/