RU

Алматы облысында жасөспірім тоғыз қабатты тұрғын үйдің шатырынан құлап кетіп, көз жұмды

Тұрғын үй
Оқиға орнынан кадр видеодан алынды: instagram.com/kris_p_talgar

Алматы облысы Бесағаш ауылында 11 жастағы мектеп оқушысы тоғыз қабатты тұрғын үйдің шатырынан құлап кетті деп хабарлайды zakon.kz.

Қайғылы жағдай 24 мамыр күні кешке болған.

"Үлкендердің қарауынсыз қалған 2009 жылғы бала 9 қабатты тұрғын үйдің шатырында балалармен ойнап жүріп, абайсызда құлап кеткен. Салдарынан ол оқиға орнында көз жұмды", - дейді Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті.

Кәугерлердің сөзінше, оның жанында тағы екі қыз бала болған. Олар дін аман.

Азаттық рухы басылымының мәліметінше, көз жұмған 11 жасар бала бүгін 5-сыныпты бітіруі тиіс болған.

Ол екі қыз баламен бірге құрылысы аяқталмаған ғимараттың төбесіне шығып ойнаған. Ғимарат бала тұрған үйге қарсы орналасқан.

Алматы облысы Талғар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің дерегінше, жасөспірім үйлер арасындағы саңылауға түсіп кеткен.

Әкімдіктің хабарлауынша екі қабырғаның арасында саңылау жұқа қаңылтырмен жабылған. Қабырғалар арасындағы қашықтық шамамен 20-30 см.

Аудан әкімі Қайдар Абдыханов оқиға орнына барып, тиісті қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуді тапсырды.

Қазіргі уақытта қайғылы жайт бойынша тексеріс басталған.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Ақтөбеде төртінші қабаттан құлап кеткен төрт жасар бала жансақтау бөлімінде жатқаны туралы хабарлаған болатынбыз.

Оқыс жағдай 18 мамыр күні сағат 19:20 шамасында Нефтянников көшесіндегі көпқабатты үйде болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1914241-almatyda-mektep-oqusysy-togyz-qabatty-turgyn-uidin-satyrynan-qulap-qaza-tapty-video/