Жаңа қаулы: Еліміздегі облыстардың бірінде карантин кезең-кезеңімен жеңілдетілмек
Опубликовано:

Жамбыл облысында 27 мамырдан бастап карантиндік шектеу шаралары кезең-кезеңімен жеңілдетілмек. Сәкесінше қаулыны Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ресми сайтында жария етті.
Жамбыл облысының Бас мемлекеттік санитар дәрігері Шиналиев Байділдә Сейділдаұлының 25 мамырдағы "Карантиндік шектеу шаралары және оларды кезең-кезеңімен жеңілдету туралы" №5 қаулысына сәйкес, Тараз қаласын қоспағанда, облыс аумағындағы әлеуметтік-экономикалық объектілердің қызметін шектеу "Жасыл" аймақ өлшемшарттары негізінде қабылданбақ.
Қаулыға сәйкес, ашық ауадағы аттракциондар, супермаркеттер, гипермаркеттер, медициналық ұйымдар, стрит-фудтар, дәріханалар, моншалардың жұмыс істеуіне рұқсат етілген.
Сонымен қатар, байланыс қызметтері, туристік компаниялар, бизнес орталықтары, кітапханалар, азық-түлік дүкендері, гүл дүкендері, мұражайлар, шағын маркеттер, фотосалондар, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл және балық, мал шаруашылығы нысандарының қызметіне толық рұқсат беріліп отыр.
Конференциялар, форумдар, отбасылық, естелік іс-шаралар, ойын-сауық, бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынуда.
Одан бөлек, караоке-барлардың, түнгі клубтар мен ойын клубтарының жұмысына шектеу сақталады.
Қаулыға сәйкес, ұйымдар мен кеңсе қызметкерлеріне COVID-19-ға қарсы вакцинациялау жүргізілген жағдайда қашықтықтан және күндізгі жұмыс форматында жұмыс істейтін қызметкерлердің пайыздық ара қатынасы жөніндегі талаптарды ескерместен қызметін жүзеге асыруға болады.
Соңғы 6 ай ішінде коронавирусқа қарсы вакцинациялаудың толық курсын алған және COVID-19-бен ауырып жазылған барлық қызметкерлердің күндізгі режимде жұмыс істеуіне рұқсат беріледі.
Қаулы 2021 жылғы 27 мамырда сағат 00:00-де өз күшіне енеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1914402-zana-qauly-elimizdegi-oblystardyn-birinde-karantin-kezen-kezenimen-zenildetilmek/