Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Блогерлерге жем болып жүр": Кәсіби маман тез байығысы келетін жандарды сынға алды

Опубликовано:

Кәсіпкер
Көрнекі фото: Pixabay.com

Instagram-да ақпаратты тауарға айналдырып, өзін психолог маман ретінде таныстырғандардан көз сүрінеді. Жоғары білімді кәсіби психолог "күйеудің табысын арттыруды", "тез баюдың жолдарын" үйретушілердің сабақтарын сынға алды деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Психология ғылымының PhD докторанты, "Болашақ" бағдарламасының түлегі Ермек Нұрымов өзін психолог ретінде ұсынып, жұртқа жеке ойын таңып жүрген псевдопсихологтар туралы сөз қозғады.

"Қазір қай жерге тас лақтырсаң марафон, курс, вебинаршыларға түседі. Екінің бірі псевдопсихолог болып алған. Одан қалса психологиялық бір курсты оқып алып, өмірде одан асқан мықты психолог жоқтай етіп өзін жалпақ жұртқа жариялап жатыр.

Алайда оның ішінде сапалысы да сапасызы да қатар жүр. Берілетін сабақтары: "өмірде өзіңді табу", "тез байып кету", "миды ақшаға айналдыру", "отбасылық бақыт" немесе "трансформациялау арқылы өзгер" деген сияқты маркетингтік атауларды қолданып, адамның қызығушылығын тудырады.

Кейбірі "күйеуіңнің табысын арттырамын" деген сияқты біртүрлі курстар сатады. Олар қандай ғылымға сүйеніп, қай ғылыми дәлелденген әдісті қолданатынын білмедім. Мұның мақсаты - психологиялық тұрғыда адамды осындай айла-тәсілмен өз курсына кіргізу. Бітіріп шыққаннан кейін "менің күйеуім миллионер болып кетті" деген бір адамды естімедім.

Яғни кей әйелдер жай ғана жем болып жүр. Табысты арттыру үшін "бюджетті қалай басқару керек" десе онда әңгіме басқа. Өмірде өз орнын таппаған жандар осындайларға келіп ұрынады. Бұның нәтижесінде пайдасынан гөрі зияны басым", - дейді психология ғылымының PhD докторанты Ермек Нұрымов.

Психолог маман курстан курсты сатып алып, тойымсыз күй кешкен жандардың психологиялық себептері мен салдарын да тарқатып айтты.

"Неге кей әйелдер бір курстан екінші курсты сатып алып, қалай қомақты қаражатын жұмсап жібергенін білмей қалады? Біріншіден, адам бір курсты алғаннан кейін екінші курсы дайын тұрады. Екіншісін оқымасаң, сабақ толық болмағандай етіп санаға сіңеді. Курстардың бағасы арзан емес, ол отбасылық бюджетке ауыр тиетіні рас. Екіншіден, адам сенімі тек осы курсқа байланып қалады. Өздігінен әрекет ету шектеледі.

Қазіргі қоғамда адамдар жалқау әрі шыдамсыз болып бара жатыр. Барлығы тез және бірден бола салғанын қалайды. Талпынысы тек осымен шектеліп қалады.

Мысал ретінде отбасылық бақыт туралы айтсам. Қоғамда әйел адам отбасылық дағдарысты көргісі келмейді. Сол себептен осындай марафоншыларға жақын болады. Барлық отбасы міндетті түрде дағдарыстан өтеді және өтуі де тиіс. Сол кезде барып отбасының беріктігі шыңдала түседі. Егер біраз ізденіп, кітап оқып жан-жақтан білім алып сабырлық танытса, барлығы жақсы болады.

Ізденудегі мақсат, әркімнің жолы әртүрлі. Адам өзіне нақты не керек екенін біліп алу маңызды. Соған қарай әрекет ету керек", - деп түйіндеді сөзін психолог маман.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1914633-blogerlerge-zem-bolyp-zur-kasibi-maman-tez-baiygysy-keletin-zandardy-synga-aldy/

pixel