RU

"Бомба түскендей": Ақтөбеліктер ауыл іргесін қазып тастаған кәсіпорынға шүйлікті (фото, видео)

Қазылған жер11
Кадр: Ауыл тұрғындары жіберген видеодан

Ақтөбеде шошқа дауымен аты шыққан Бестамақ ауылының тұрғындары тағы да наразылыққа шықты. Халық бұл жолы да экологтардан көмек сұрайды. Ауыл іргесінен құм тасыған кәсіпорын жерді қазып, өзен ағысына дейін өзгертіп жіберген. Тұрғындар кәсіпорын құм қазуды тоқтатпаса ауыл шетіндегі бейіттің ортасына түсетінін айтады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Алға ауданы Бестамақ ауылындағы кәсіпорын құрылыс жұмыстары үшін Ақтөбе мен Атырауға құм жөнелтіп жатыр. Топырақтан табыс тапқандар экологиялық апат туралы ұмытқандай. Ауыл айналасын қазып тастағандардың үстінен шағым айтқан халық араша сұрайды.

"Бомба түскендей айналаның бәрін қазып тастады. Талап бойынша мұндай кәсіпорындар ауылдан 5 шақырым қашық жерде болуы керек. Оны қарап жатқан ешкім жоқ. Ауыл жанындағы Елек өзенінің айналасына дейін қазып, ағысын да өзгертіп жіберді. Қазір жағадағы талдардан ештеңе жоқ. Моланың жанын қазып, тереңдігін 20 метрге дейін жеткізді. Қазу жұмыстары жалғаса берсе, бейітіміз де ортасына түседі", - дейді ауыл тұрғыны Нұрбек Жұбанқосов.

Ауылдықтар онсыз да экологиялық ахуал ушығып тұрғанда, сусыз қалсақ, жағдайымыз одан сайын мүшкіл бола ма деп алаңдаулы.

"Табиғатты қорғауға жауапты адамдар қайда? Неге үнсіз? Тал кетсе, су кетеді. Су кетсе, иірім пайда болады. Бала-шаға, мал батады. Онсызда жақында бір бала суға кетті", - дейді тұрғын Қалабай Көздібаев.

Ақтөбе11
Фото: KAZ.NUR.KZ

Таза ауа мен өзен-көлден жұрдай болған бестамақтықтар кәсіпорынның жұмысына қатысты видео материалдар жинап, құзырлы органдарға хат та жолдаған. Облыстық экология департаментіне кәсіпорынға қатысты үш материал түскен.

"Алға ауданындағы "ПГС" ЖШС компаниясы туралы заңбұзушылықтар жазылған шағымдар түсті. Материалдар инспекторға берілді. Заңдылықтар тексеріледі, алдағы уақытта қосымша ақпараттар беріледі", - дейді облыстық экология депарментінің бөлім басшысы Ғасыр Орынбасаров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1914642-bomba-tuskendei-aqtobelikter-auyl-irgesin-qazyp-tastagan-kasiporynga-suilikti-foto-video/